АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскиймен сөйлескенде Донецк облысынан бас тарту мәселесін талқыламағанын айтып, Украина мен Ресей қазіргі майдан шебіндеу тоқтауы керек деді.
The Washington Post бұған дейін екі дереккөзіне сілтеп, 16 қазан күні Трамппен телефон арқылы сөйлескен Ресей президенті Владимир Путин Украина соғысты аяқтау үшін Донецк облысынан бас тартуы қажет деп талап қойған деп жазды. Путин оның орнына Украинаның Запорожье және Херсон облыстарындағы Ресей басып алған жерлерді қайтарып беруді ұсынған. Ақ үйдегі кейбір шенеуніктер мұны оң өзгеріс деп бағалаған, өйткені Аляскадағы кездесуде Путин бұдан көп талап қойған. Еуропалық шенді дипломат бұл ұсынысқа украиналықтар риза бола қоймас деп отыр.
Трамп Путиннің мұндай ұсыныс білдіргені жайлы ешнәрсе айтпады, бірақ бұл мәселені Украина президентімен "ешқашан" талқыламадым деді. АҚШ президентінің сөзінше, "сендер ананы аласыңдар, біз мынаны аламыз" деген қағидамен мәселені шешу қиын.
Донбасс мәселесін қалай шешуге болады деген сұраққа Трамп барлығын "осы күйде қалдыру керек" деп жауап берді.
"Кейін олар өзара келісіп алар. Бірақ дәл қазір қақтығыстың қос тарапы майдан шебінен тоқтап, үйіне қайтуы қажет; атыс тоқтап, адам өлтіруді доғару керек" деді Трамп.
Трамп Путинмен телефон арқылы сөйлескен күннің ертесіне, 17 қазан күні Ақ үйде Зеленскиймен кездесті.
Украина президенті кездесу "өте өнімді" болғанын айтып, америкалық әріптестеріне осы кездесу үшін алғыс айтты. Сөйте тұра Зеленский ұзаққа ұшатын зымырандар туралы ешқандай келісім болмағанын, АҚШ "эскалация болғанын қаламайтынын" мәлімдеді. Оның сөзінше, қос президент әуеден қорғаныс және атысты тоқтату мәселесін талқылаған.
Зеленскийдің айтуынша, Украина соғысты майдан шебінен тоқтату дайын. Мұндай жағдайда, Луганск облысы түгел дерлік, Донецк, Херсон және Запорожье облыстарының едәуір бөлігі, сондай-ақ, Сумы, Харьков және Днепропетровск облыстарының шағын бөлігі Ресей бақылауында қалмақ. Украина басшысы бұл жерлерді Ресейдікі деп құқықтық мойындау күн тәртібінде тұрған жоқ деп бірнеше қайтара айтқан.