Орталық Азия елдері арасындан әлем кубогына алғаш рет қатысатын Өзбекстан К тобына түсті. Қарсыластары - 2016 жылғы Еуропа чемпионы, Криштиану Роналду бастаған Португалия және Колумбия құрамасы. Төртінші қарсыласы қосымша іріктеуде анықталады. Яғни, Жаңа Каледония, Ямайка, Конго Демократиялық Республикасының бірі болады. Үш ел қосымша іріктеуде бір жолдаманы сарапқа салады.
Жеребе былай түсті:
A-тобы: Мексика, ОАР, Оңтүстік Корея, UEFA-D (Чехия/Ирландия/Дания/Солтүстік Македонияның бірі)
B-тобы: Канада, Швейцария, Катар, UEFA-A (Уэльс/Босния/Италия/Солтүстік Ирландия)
C-тобы: Бразилия, Марокко, Гаити, Шотландия
D-тобы: АҚШ, Парагвай, Австралия, UEFA-C (Түркия/Румыния/Словакия/Косовоның бірі)
E-тобы: Германия, Кот-Д’Ивуар, Эквадор, Кюрасао
F-тобы: Нидерланд, Жапония, Тунис, UEFA-B (Украина/Швеция/Польша/Албания)
G-тобы: Бельгия, Иран, Египет, Жаңа Зеландия
H-тобы: Испания, Кабо-Верде, Уругвай, Сауд Арабиясы
I-тобы: Франция, Сенегал, Норвегия, FIFA-2 (Ирак/Боливия/Суринам)
J-тобы: Аргентина, Алжир, Австрия, Иордания
K-тобы: Португалия, Өзбекстан, Колумбия, FIFA-1 (Жаңа Каледония/Ямайка/ Конго ДР бірі)
L-тобы: Англия, Хорватия, Панама, Гана.
Жеребеде рейтингі жоғары құрамалардың жаппй бір топқа түскен жоқ. Дегенмен Бразилия (бес дүркін әлем чемпионы) мен 2022 жылғы әлем чемпионатында төртінші орын алған Марокконың; Оңтүстік Америкадағы үздік құраманың бірі Уругвай мен 2010 жылғы әлем чемпионы Испанияның; Еуропадағы құрамасы мықты Англия мен Хорватияның; Франция мен Норвегияның бір топқа түскеніне назар аударуға болады.
Яғни, Киллиан Мбаппе (Испанияның "Реал" командасының ойыншысы) бастаған Франция құрамасы мен Эрлинг Холланн (Англияның "Манчестер Сити" клубының ойыншысы) бастаған Норвегия топтық кезеңде ойнайды.
Футболдан әлем кубогы төрт жылда бір рет өтеді. Бұған дейін әлем чемпионатына 32 ел қатысып келген. FIFA 2026 жылдан бастап әлем біріншілігіне қатысатын елдердің санын 48-ге арттырып, әр құрлыққа берілетін жолдама да артты.
Өзбекстан құрамасы Азия құрлығындағы іріктеуде Иран, БАӘ, Катар, Қырғызстан, Солтүстік Корея бар топтан тікелей жолдама алған еді.
Келесі жылғы әлем чемпионатына Кюрасао (небәрі 150 мың халқы бар ел), Гаити, Кабо-Верде алғаш рет қатыспақ.
ҚАЛҒАН АЛТЫ ЖОЛДАМАҒА ҚАЙ ЕЛДЕР ҮМІТКЕР?
Әлем кубогына қатысатын тағы алты ел 2026 жылы 31 наурызда анықталады. Еуропада іріктеу тобында екінші орын алған және Ұлттар лигасында өз дивизионында бірінші болған 16 ел төрт жолдамаға таласады. Лицензияға таласатын елдердің қатарында Украина, Түркия және 2006 жылғы әлем чемпионы Италия бар. Бір қызығы, Италия 2018 және 2022 жылғы әлем біріншілігіне жолдама ала алмаған.
Егер Украина құрамасы қосымша іріктеуде алдымен Швецияны жеңіп, одан кейін Польша мен Албания арасындағы матчтың жеңімпазын ұста әлем чемпионатына жолдама алады. Украина бұл жолды жеңілмей өтсе Нидерланд, Жапония, Туниспен бір топта ойнайды.
Ал Түркия құрамасы Румынияны жеңіп, одан кейін Словакия мен Косово арасындағы матчтың жеңімпазынан басым түссе, жолдама иеленбек. Егер жолдама алса АҚШ, Парагвай, Австралиямен бір топқа түседі.
Төменде қосымша іріктеудің толық кестесі:
Еуропа Плей-офф A (Жеребеде UEFA-1 деп көрсетілген)
Уэльс – Босния-Герцеговина және Италия – Солтүстік Ирландия матчында жеңген екі құрама финалда кездеседі. Финалда ұтқан ел жолдама иеленеді
Еуропа Плей-офф В
Украина – Швеция және Польша – Албания.
Еуропа Плей-офф С
Словакия – Косово және Түркия – Румыния
Еуропа Плей-офф D
Чехия – Ирландия және Дания – Солтүстік Македония
FIFA Плей-офф 1 (Жеребеде FIFA-1 деп көрсетілген )
Жаңа Каледония - Ямайка жеңімпазы Конго Демократиялық Республикасы құрамасымен жолдамаға таласады.
FIFA Плей-офф 2
Боливия – Суринам жеңімпазы Ирак құрамасымен бір жолдаманы сарапқа салады.
2026 жылы әлем кубогы алғаш рет үш ел қабылдайды. Ойындардың көбі АҚШ қалаларында болады. Ашылу матчы 11 маусымда Мексикада, ал финал 19 шілдеде АҚШ-тың Нью-Джерси қаласында өтеді.
Футболдан Қазақстан құрамасы да әлем кубогының іріктеуіне қатысқан еді. Бірақ Бельгия, Уэльс, Солтүстік Ирландия, Лихтенштейн бар топтан төртінші орын алып, жолдама иелене алмады.