Accessibility links

Зеленский Уиткофф және Кушнермен "мазмұнды әңгіме" болғанын айтты


Владимир Зеленский
Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф және Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнермен телефонмен "мәнді әрі конструктивті" әңгімелескенін хабарлады. Уиткофф пен Кушнер 2 желтоқсанда Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен.

"Біз көптеген аспектіге назар аудардық және қантөгісті тоқтатып, Ресейдің үшінші рет басып кіру қаупін жоюға кепілдік беретін маңызды жайттарды, сонымен бірге Ресейдің өткен жолғыдай уәдесін орындамау қаупі сияқты нәрселерді талқыладық" деді Зеленский.

Әңгімеге сонымен бірге қазір АҚШ-та жүрген Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров, қарулы штабтың бастығы Андрей Гнатов қатысқан.

Axios дерегінше, әңгіме екі сағатқа созылған. Келіссөздерден хабары бар дереккөздің айтуынша, Уиткофф пен Кушнер екі жақтың да талаптарын жинап жатыр және Путинді де, Зеленскийді де келісімге итермелеп келеді.

“Жер мәселесін талқылау күрделі болды” деді дереккөздердің бірі. Ресей Украинадан әскерін Донбастан шығаруды талап етеді. Бірақ АҚШ бұл қиындықты еңсеру үшін жаңа идеяларды ұсынуға тырысып жатыр” деді екінші дереккөзге сүйенген Axios.

Тағы бір маңызды мәселе – АҚШ-тың Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі. Дереккөздердің бірі тараптар бұл мәселе бойынша айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізгенін және келісімге келуге таяғанын, алайда қосымша пысықтау керектігін айтты.

Келіссөздерден хабары бар тағы бір дереккөздің айтуынша, Уиткофф пен Кушнер екі жақтың да талаптарын жинап жатыр және Путинді де, Зеленскийді де келісімге итермелеп келеді.

Украина мен Ресей арасында бейбітшілік келісіміне қол қою кезеңі соңғы межесіне таяды. Бұл жөнінде АҚШ президентінің арнайы уәкілі Кит Келлог Рейган форумында осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, қазір Донецк облысы мен Запорожье атом электр станциясына бақылау орнату мәселесі шешілмеген күйде қалып отыр.

“Егер сіз әскери қызметкер болсаңыз, онда “соңғы 10 метрдің” ең қиын екенін білесіз. Менің ойымша, біз қазір соғысты аяқтау бойынша сол соңғы “10 метрде” тұрмыз” деді Келлог.

  • Бұған дейін Владимир Путин Кремльде Уиткофф пен Кушнермен кездесу кезінде Ресей өкілдері Американың соғысты бітіру бойынша бірқатар шарттарымен келіспегенін растаған. Оның сөзінше, 28 пунктен құралған бастапқы жоспар іс жүзінде өзгермеген, бірақ АҚШ оны бөлек-бөлек төрт "бөлікке" бөлуді ұсынған. Бұған дейін Женевада ЕО өкілдері қатысқан кездесуден кейін ондағы пунктердің саны 19-ға дейін қысқарғаны хабарланған.
  • 28 де, 19 пунктен құралған жоспар да ресми түрде жарияланбады, алайда 28 пункті ақпарат құралдары таратты, Ақ үй оның түпнұсқалығын дауламады. Украина мен ЕО өкілдері аталған жоспардың бір бөлігі Ресей үшін тым қолайлы екенін айтқан. Бірақ Киев оны келіссөздің негізі ретінде алуға дайын екенін білдірген.
XS
SM
MD
LG