Accessibility links

Тоқаев БҰҰ-ны реформалауға шақырып, Украинада бітімге келу мүмкіндігі жақындағанын айтты


Халықаралық бейтараптық күні мен Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған форумға келген лидерлер. Ашхабат. 12 желтоқсан 2025 жыл.
Халықаралық бейтараптық күні мен Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған форумға келген лидерлер. Ашхабат. 12 желтоқсан 2025 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы соғыста бітімге келу мүмкіндігі жақындады деп санайды. Ол "Қазақстан Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жанданғанына қолдау білдіреді" деді. Тоқаев бұл мәлімдемесін Ашғабаттағы Халықаралық бейтараптық күні мен Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған форумда айтты.

"Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуінен кейін бейбітшілік пактісінің негізгі ережелері белсенді талқылана бастады. Бұл көптен күткен бітімге келу мүмкіндігін жақындатты" деді Тоқаев.

Бұған қоса, Қазақстан президенті БҰҰ-ны реформалау керегі жайлы тағы айтты. Тоқаев "әлемдегі ахуал ушығып тұрғанда" "кейбір күмәнді ережелер алға шығып, көпжақты құрылымдардың, ең алдымен, БҰҰ беделі мен тиімділігінің төмендегені өкініш тудырады" деді форумда.

"Халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік сөз күйінде қалып, көпжақты форумдардың қарарлары мен келіссөздердегі ізгі тілек ретінде ғана көрініс табады. Сол себепті Қазақстан БҰҰ-ға жан-жақты реформа жүргізуді, соның ішінде Қауіпсіздік кеңесінің құрамын кеңейтіп, Бас ассамблеяның рөлін нығайтуды қолдайды" дейді Тоқаев.

Кейінгі кездері Тоқаев БҰҰ-ны жиі сынап, оны реформалау керегін айтып жүр. 8 қыркүйекте ол Қазақстан халқына жолдауында "БҰҰ өзінің рөлі мен мәртебесіне сай қазіргі басты түйткілдерді шешуге қауқарсыз" деген. Мамырда Астана форумында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрамын кеңейту керегін айтқан.

Астана Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысында бейтарап ұстанымда екенін мәлімдеп, қақтығыс бейбіт жолмен шешілуі керек деп санайды. Тоқаев биыл қарашада New York Times газетіне берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путин "елінің ішіндегі қоғамдық пікірдің ықпалына байланысты енді артқа шегінбейді" деп, келіссөзді жандандыруға шақырған.

XS
SM
MD
LG