Accessibility links

"Домалақ арыз заманы" келе ме? Сенат мақұлдаған жаңа заң жобасын құқық қорғаушылар сынға алды


Арнайы білімі жоқ адамдарға құзырет беріледі, адамның жеке өміріне қол сұғу қаупі төнеді, "домалақ арыз" заманы келеді. Құқық қорғаушылар мен журналистер сенат мақұлдап, президентке қол қоюға жіберген жаңа заң жобасынан осындай қауіп көреді. Неге?

Қазақстан парламентінің жоғарғы палатасы – сенат 18 желтоқсан күні "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" деп аталатын заң жобасын мақұлдап, президентке қол қоюға жіберді. 85 баптан тұратын құжатты ішкі істер министрлігі әзірлеген.

Сенат сайтына жарияланған құжат мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар мен азаматтардың құқық бұзудың алдын алу шараларын реттеуге арналған.

Ішкі істер министрлігі мен депутаттардың ұстанымы бойынша, қоғам тыныштығын қадағалау тек полицияның міндеті емес, жауапкершілік жұрттың бәріне ортақ.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, "құқық бұзушылықтың алдын алуға" әкімдер, мемлекеттік органдар, мәслихаттар және "жергілікті қауымдастықтар" тартылмақ. Құқық бұзушылықтың алдын алуға жауапты субъектілер саны артады. Арасында масс-медиа саласындағы уәкілетті орган, дене шынықтыру саласындағы уәкілетті орган сияқты түрлі органдар бар.

"Кешенді түрде қабылданып жатқан барлық профилактикалық шаралар елдегі құқық мәдениетінің артуына ықпал етіп жатыр. Қазақстандықтар ұсақ-түйек құқық бұзушылықтарға бей-жай қарамайтын деңгейге жетті. Бұл да тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды факторы. Мәселен, құрамында полицияның учаскелік инспекторлары да бар үй чаттарында көршілер қалдырылған қоқыс, қоғамдық орында темекі шегу туралы хабарлап отырады", – деді Сәденов Tengrinews агенттігіне осы заңның қажеттігін түсіндірген жаздағы сұхбатында.

Оның айтуынша, заңның негізгі мақсаты – "азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау", жұрттың құқықтық санасын арттыру.

"Кішкентай қадамдармен болса да қазақстандықтардың құқықтық санасы артып келеді", – деді Сәденов.

Жаңа заң құқық бұзудың алдын алуды көздейтін басқа заңдарды алмастырып, жұмысты жүйелейді деп есептейді ішкі істер министрі.

"ҚОҒАМДЫҚ КӨМЕКШІЛЕРГЕ" – 128 МЛН СЫЙАҚЫ

Жаңа заң жобасында "құқық бұзуға бейім адам", "заңға бағынатын мінез-құлық", "қоғамға жат мінез-құлық", "қоғамдық көмекші", "әлеуметтік оңалту", "әлеуметтік бейімдеу" деген жеке категориялар енгізілген.

Заң жобасына сәйкес, "қоғамдық көмекші" болуға ниетті адам құқық қорғау органына өтініш береді. Соның негізінде олар азаматты наркологиялық, психикалық-неврологиялық және өзге де есепке алу бойынша тексеріп, құжаттарды жергілікті әкімдікке жібереді. Әкімдік келісім берсе, ол адамға "қоғамдық көмекші" деген құжат беріледі.

Заң жобасында "қоғамдық көмекшіге" "құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамда тәртіп сақталуына өз еркімен қатысатын азамат" деп анықтама берген. Олар қандай да бір заңға қайшы әрекетті полицияға хабарлайды, өзі де алдын алу шарасына қатысады. Жәрдемдескені үшін биліктен марапат, сыйақы алады. Құқық бұзуға бейім адамдарға психологиялық көмек көрсетіп, ортаға бейімделуге жәрдемдеседі.

Қазақстан ішкі істер министрі Ержан Сәденов
Қазақстан ішкі істер министрі Ержан Сәденов

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің сөзінше, қазірдің өзінде полиция жанында қоғамдық көмекшілер бар. Саны 20 мыңның төңірегінде. Енді мұндай көмекшілерді басқа да мемлекеттік құзырлы органдар тарта алады. Сәденовтің ақпараты бойынша, 2025 жылы құқық бұзу оқиғаларын анықтауға көмектескен еріктілерге бюджет есебінен 128 млн теңге шамасында сыйақы бөлу көзделген.

Авторлар заң жобасы мемлекет басшысының заң мен тәртіп идеологиясы ілгерілету үшін жасалған дейді. Ресми Астана елде ешкім ой-көзқарасына бола қудаланбайды дейді.

"ДОМАЛАҚ АРЫЗ ЗАМАНЫ ҚАЙТА КЕЛДІ"

Журналист, "Обожаю" YouTube жобасының авторы Асхат Ниязов бұл заң күшіне енсе, баяғы "домалақ арыздың" заманы қайта келе ме деп қорқады.
"Достар, домалақ арыз дәуірі қайтып келді. Домалақ арыз жазу заңдастырылды", – деді Ниязов Instagram-дағы өз парақшасында.

Бұған қоса журналисті "қоғамдық көмекшіге" "күш қолдануға рұқсат берілуі" де тіксінткен.

Журналист Асхат Ниязов
Журналист Асхат Ниязов

"Сенат мақұлдап, президентке жіберген заң жобасы "мәжілістен қалайша ың-шыңсыз өтіп кеткенін білмеймін, бірақ алда бізді өте "қызық" кезең күтіп тұрған сияқты", – дейді Ниязов.

Журналист, белсенді Әсем Жәпішеваның пікірінше, жаңа заң "мораль нормалары" дегендей түсініксіз анықтама енгізіп, белгілі топтарға сол "мораль нормаларын" өз бетінше түсіндіруге мүмкіндік береді.

"Бұл қылмыс та, құқық бұзушылық та емес. Нақты бір полицей, әкімдік не "қоғамық көмекші" "мораль нормаларына" сай келмейді деп тапқанның бәрі соған кіреді. Заң бұл қандай норма екенін, оны қалай анықтау керегін, одан қалай қорғануды түсіндірмейді", – деп жазды ол Telegram-парақшасына.

Журналист, белсенді Әсем Жәпішева
Журналист, белсенді Әсем Жәпішева

Жәпішеваның сөзінше, бұл заң күшіне енсе, "идеологиялық тұрғыда ынталандырылған топтар азаматтарға қысым жасауға құзырет, ақша және моральдық қолдау алады".

"Заң "қоғамдық көмекшілер" институтын заңдастырады. Іс жүзінде бұл ұйымдар қалай жұмыс істейтінін бұрыннан көріп келеміз. Мысалы, "Дала қырандары" мен "Жаңа адамдар" деген ұйымдарды айтуға болады. Бұл ұйымдарда қандай да бір мәртебе болмаса да, олар жылдар бойы мораль үшін деп қоғам атынан ашық түрде "рейд" жүргізіп, жаппай тексерулер өткізіп, азаматтарды қаумалап, іс жүзінде заңнан тыс ұстап отырған".

"БИЛІК ПЕН АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ БІР-БІРІМІЗДІ ТҮСІНБЕЙМІЗ"

Қазақстандық құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль билік бұл заң жобасын азаматтардың пікірімен санаспастан қабылдағалы жатыр деп сынға алды.

Татьяна Чернобиль: Белгілі бір деңгейде [бұл заңнан] көңілім қалды. Өкінішті. Өйткені, бәрібір де мәселенің мәні туралы байыпты, салмақты ойланады деп үміттеніп едім. Бірақ, шамасы, билік пен біз, азаматтық қоғам, бір-бірімізді түсінбейміз. Міне, осы қатты қынжылтады. Бізді естімей отырғандай. Әртүрлі ұғыммен, әртүрлі түсінікпен сөйлесіп жатқан сияқтымыз. Дегенмен сенат бұл заң жобасын мақұлдағанда таңғалған жоқпын. Оның қабылданарына іштей дайын болдым.

Азаттық: Полицияның қоғамдық көмекшісі болған азаматтардың құзіретін арттыру жеке өмірге қол сұқпау құқығына кепілдік беретін Конституцияның 18-бабына сай келе ме, қалай ойлайсыз?

Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль
Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль

Татьяна Чернобиль: Өте орынды әрі маңызды сұрақ. Иә, шынымен де бұл жерде жеке өмірге рұқсатсыз араласу туралы сөз болып отыр. Алайда, бұл қоғамдық көмекшілер қазір заң күшіне енгенге дейін "қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтар" деп аталып келді. Бұл анықтама 2004 жылдан бері, яғни 20 жылдан астам уақыт бойы бар. Олардың әрекеті мен өкілеті заң жүзінде реттелген.

Мұнда мәселе басқада: жеке өмірге араласуға жол беретін заңның өзі қаншалықты заңды? Жеке өмірдің құпиялығы – адам құқықтарының бірі, оған белгілі бір негіздер болғанда, заң аясында ғана араласуға мүмкіндік берілген. Мысалы, адам қылмыс жасады деп күдікке ілінгенде немесе қылмыс орнында ұсталса ғана оған килігуге болады. Мұндай жағдайда мемлекеттің араласқаны түсінікті де. Ал әңгіме жеке тұлғалар туралы болғанда, олардың араласқаны қаншалықты рұқсат етілген деген сұрақ туындайды. Бұл заң оларға белгілі бір деңгейде "мемлекеттік" өкілет береді.

Азаматтардың әрекетін кім бағалайды, кім саралайды? Әдетте бұл құқық қорғау органдарының, прокуратураның құзыретіне жатады. Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықты ажырату үшін арнайы заң білімі қажет. Бұл – кәсіби дайындықтан өткен мамандар. Дегенмен ондай білімі жоқ адамдар – қоғамдық көмекшілерге құқық бұзушылықтардың алдын алу міндеті жүктелмекші. Бұл адамдар кімдер? Олардың тізімі бар ма? Белгісіз. Мысалы, елде жабық мекемелердегі азаптау, ұрып-соғу фактілерін бақылайтын Ұлттық алдын алу механизмі бар. Оның мүшелерінің тізімі ашық. Мынау соған ұқсас адамдар болса, тізімі қайда? Олар кімдер? Белгісіз.

Азаттық: Қазір Қазақстанда полицияның 20 мыңнан астам қоғамдық көмекшісі бар, жаңа заң қабылданған жағдайда олардың саны одан әрі артады. Сіз олардың қазіргі рөлінен хабардарсыз ба? Олар нақты қандай функция атқарады?

Татьяна Чернобиль: Ішкі істер министрлігі олардың рөлін маңызды деп көрсетеді, алдын алған құқық бұзушылықтар саны, төленген сыйақылары тағы бар. Бірақ олардың ісін я білегіне шүберек байлап алып, қоғамдық тәртіпті бақылап жүргендерді көрген емеспін. Ендігі ерекшелік, бұрын мұндай көмекшілер тек полицейлерде болса, енді барлық күштік құрылымдарда да пайда болмақ.

Тағы бір жаңашылдық: бұрын мұндай көмекшілер бюджет есебінен сыйақы алып келсе, енді өздері тапқан "заң бұзушыға" салынған айыппұл есебінен марапатталмақ. Яғни, моральдық емес, материалдық мүдде пайда болады. Дегенмен, өзін патриот санайтын кез келген адам, мәселен мен, құқық бұзушылықты көрсем, бірден 102-ге хабарласамын. Ол үшін маған қоғамдық көмекші болу міндетті емес. Сондықтан олардың нақты функциясы маған түсініксіз.

Басқа елдерде community policing дегендер бар. Бірақ олардың функциясы әртүрлі және онда көмекшілердің кез келген шағымын даулауға мүмкіндік бар. Ал бізде ішкі істер министрі қоғамдық көмекшілерге қатысты шағымдар туралы бірде-бір деректі айтқан емес.

Азаттық: Қоғамдық көмекшілер полицияға керек екенін растайтын дәлел я тиімділігі көрсетілген зерттеу бар ма?

Татьяна Чернобиль: Белгісіз. Қазір құқық бұзушылықтың алдын алу субъектілерінің тізімі 16-дан, яғни билік пен мемлекеттік органдар өкілдерінен, 35-ке дейін кеңейтілді. Қазір әкімшілік-қылмыстық құқық бұзудың алдын алу міндеттері де өте көп мекемеге жүктелген. Қоғамдық көмекшілер құқық бұзу субъектісі болып саналмайды, олар осы алдын алу субъектілеріне көмектеседі.

Астана алаңында көшедегі жағдайды бақылап тұрған полиция. Алматы, 6 қазан, 2024 жыл (көрнекі сурет)
Астана алаңында көшедегі жағдайды бақылап тұрған полиция. Алматы, 6 қазан, 2024 жыл (көрнекі сурет)

Жалпы алғанда, бұл заң жобасы жақсы ниетпен жасалған. Мақсаты – отбасылық зорлық-зомбылыққа, құмар ойындары мен лотереяға қатысты қылмыстарға, есірткі қолдану мен таратылуына, балаларды буллингтен қорғауға қарсы күрес. Барлығы бір үлкен заң жобасында жинақталған. Қоғамдық көмекшілер де осы бағытта қызмет етеді. Қазір елде қылмыс болып қойғаннан кейін емес, оның алдын алу керек деген науқан жүріп жатыр. Ол дұрыс-ақ. Бірақ басқа елдерде басты назар адамға емес, оны қылмыс жасауға итермелейтін ортаға, жағдайға, контекстке аударылады. Яғни, негізгі проблема адам емес, оның өмір сүретін ортасы мен қылмысқа итермелеген өмірлік жағдайларда деген түсінік бар. Соған тереңірек үңілуге тырысады.

Азаттық: Қоғамдық көмекшілер институты азаматтық белсенділерге, журналистерге, суретшілерге және басқа да билікке "ыңғайсыз" топтарға қысым көрсету үшін пайдаланылуы мүмкін деген пікір бар. Бұған не дейсіз?

Татьяна Чернобиль: Мұны жоққа шығаруға болмайды. Қылмыстық және әкімшілік кодексте қудалауға себеп болатын іс-әрекеттердің тізімі үнемі өсіп, кеңейіп келеді. Мысалы, жалған ақпарат таратуға тыйым салу. Қазір енді сексуал ориентация мен педофилияны насихаттауға тыйым салу да қосылды.

Сонымен қатар, ұсақ бұзақылық, оның ішінде қоғамдық орындардағы дөрекі я балағат сөз айтуға салынған тыйым, енді масс-медиа мен интернет-ресурстарға да қатысты болды. Яғни, құқыққа қарсы әрекеттердің тізімі өсіп келеді, осындай қоғамдық көмекшілердің өкілеті де артып жатыр.

Бұған алдыңғы айтқан материалдық мүдде немесе басқа мотивациялар қарастырылған. Мысалы, ішкі істер министрі көмекшілерге атақ беру де жоспарланып жатқанын айтады. Осының бәрі алаңдатпай қоймайды. Дәстүрлі емес сексуал ориентацияны насихаттауға тыйым салу туралы айтқанда мәдениет және ақпарат министрлігі істер түскен арыз бойынша қаралады деді. Яғни, жеке тұлғадан түскен арыз, ол ақпаратты таратқан адамды қудалау үшін жеткілікті. Қорыта келе, жеке тұлға – яғни қоғамдық көмекші өзінің түсінігінше тараған ақпаратты заңсыз контент тарату деп тапса, арыз түсіріп, іс қозғауға түрткі болады. Бұл алаңдатпай қоймайды.

Азаттық: "Мораль нормалары" туралы ережелердің қолданылуынан қай топтар жапа шегуі мүмкін?

Татьяна Чернобиль: Бірінші кезекте – ЛГБТ+ адамдар. Қоғамдағы гомофобия деңгейін ескерсек, оларды қудалау, ақпарат кеңістігінен ығыстыру қаупі жоғары. Бұл – жеккөрушілікті заңдастыруға ұқсайды. Билік олардың ақпарат алаңынан ысырып тастағысы келеді. Ал олардың кез келген ақпараты – пропаганда деп қабылдануы әбден мүмкін. Сондай-ақ феминисттер қудалауға ұшырауы мүмкін. "Балағат сөз айтқандарды" да ұсақ бұзақылық жасады деп жауапқа тартуға болады. Бұл тізімге кез келген саяси немесе азаматтық белсендіні кіргізуі әбден мүмкін. Осылайша, қоғамдық көмекшінің немесе жеке тұлғаның арызы бойынша сын айтқандарды қудалаған қиын емес.

Демократиялық қоғамда адам құқықтарын заң аясында ғана шектеуге болады. Демократиялық қоғам дегеніміз – заң үстемдігіне және адам құқықтарына негізделген қоғам. Иә, адам құқықтарын шектеу халықтың моральдық құндылықтарын, басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында көзделуі мүмкін. Алайда мұндай шектеу жасалған қылмысқа пара пар болу керек. Әрбір нақты жағдай жеке қаралуы қажет, әрі өзін қорланған деп санаған адамның нақты қандай зиян шеккені анықталуы керек. Ол зиян айыппұл деңгейіндегi ме, әлде 15 күнге қамауға алатындай деңгейде ме – соның бәрі дәл бағалануға тиіс.

Ал нақты құқықтық анықтама болмаған жағдайда, моральға қайшы әрекет дегенді түрлі жолмен түсінуге болады, бұл өз кезегінде адам құқықтарын негізсіз шектеуге әкелуі мүмкін.

Азаттық: Құқық бұзушылықтар туралы хабарлағаны үшін азаматтарды ақшалай ынталандыру ұсынысына не дейсіз? Бұл жаппай бақылау, бопсалау немесе домалақ арыз жазуға итермелемей ме?

Татьяна Чернобиль: Әңгіме сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар туралы болса, мұндай жағдайда белгілі бір сыйақы орынды болар. Ал әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы сөз болғанда, жағдай мүлде түсініксіз көрінеді. Себебі мұнда, әдетте, айыппұл қарастырылады. Ал осындай жағдайда қоғамдық көмекші айыппұл есебінен материалдық тұрғыда ынталандырылса – бұл өте күмәнді.

Бұл мәселе бойынша халықаралық тәжірибені білмегендіктен, нақты құқықтық салыстыру жасай алмаймын. Бірақ қарапайым адами тұрғыдан, мұның өзі дұрыс емес сияқты көрінеді. Әсіресе "жалпыға ортақ мінез-құлық нормалары мен мораль" туралы айтқанда. Өйткені дәл осындай бірін-бірі аңду, тыңшылық жасау, біреуді біреуге көрсету, донос жазу – керісінше, сол жалпыға ортақ мінез-құлық нормалары мен моральға қайшы. Мұндай әрекеттер, менің білуімше, біздің қоғамда ешқашан құпталмаған және қазір де құпталмайды. Соған қарамастан заң жобасында жазылып отыр.


XS
SM
MD
LG