Қазақстандық миллиардер Тимур Құлыбаев 2007 жылы Ұлыбританияның патшайымы болған ІІ Елизаветаның (1926 - 2022) екінші ұлы. Саннингхилл-парк зәулім сарайын жемқорлық ісіне қатысы бар компания арқылы сатып алған деп жазды ВВС сайты жаңа зерттеуінде.
ВВС экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Құлыбаев зәулім сарайды Италиядағы жемқорлық істерінде аталған Enviro Pacific Investments компаниясы арқылы алған дейді.
ВВС-дің 2016 және 2017 жылғы сот құжаттарына сілтеп жазуынша, италиялық мұнай магнаты Агостино Бьянки сотта Құлыбаев пен басқа да қазақстандық шенеуніктерге мұнай саласында тиімді келісім-шарттар алу үшін пара бергенін айтқан. Ал Aventall деген компания параны алуға қолданылған. Aventall есепшотына түскен ақша кейін Enviro Pacific Investments компаниясына аударылған. Одан соң Құлыбаев Unity Assets Corporation офшор компаниясы арқылы Enviro Pacific Investments-тен қарыз алып, Саннингхилл-парк зәулім сарайын сатып алған. Сотта Италия прокурорлары Enviro Pacific Investments те Құлыбаевқа "тиесілі екенін" айтқан. Бірақ Италияда Құлыбаевқа ресми айып тағылмаған.
Ал Құлыбаев адвокаттары арқылы ВВС сайтына "оның пара алғанын жоққа шығарған". Адвокаттары Құлыбаевтың Enviro Pacific Investments компаниясына иелік етпегенін, қатысы жоғын айтқан, алайда компанияның иесі кім екенін айтудан бас тартқан.
Дегенмен қорғаушылар ВВС сайтына Құлыбаевтың Enviro Pacific компаниясынан Саннингхилл-парк зәулім сарайын сатып алу үшін несие рәсімдегенін растаған. Миллиардердің адвокаттары зәулім сарайды алған ақша "заңды" дейді.
12 жатын бөлмесі мен 6 үлкен залы бар Саннингхилл-парк зәулім сарайы бес жыл өтпей тұрған еді. Ал 2007 жылы Құлыбаев бұл сарайды офшор компания арқылы 15 млн фунт стерлингке сатып алғаны белгілі болған. Құлыбаев бес жыл өтпей тұрған үйді ханзада сұраған бағадан 3 миллион фунт стерлингке қымбат бағаға сатып алған. Сол кезде Құлыбаевтың өкілдері мұны аталған сарайға тағы бір адамның қызығуымен байланыстырған.
Бұл сарай біраз жыл бойы бос тұрып, 2016 жылы сүрілген. Кейін оның орнына 14 бөлмеден тұратын жаңа сарай салынған. "Алайда жаңа сарайда да ешкім тұрмады" деп жазады ВВС.
- Тимур Құлыбаев – Қазақстанды Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі. Назарбаев билік құрған тұста Құлыбаев елдегі ықпалы бизнесмендердің біріне айналды. Азаттық 2020 жылы зерттеуінде Тимур мен Динара Құлыбаевалардың Англияда, Испанияда, Швейцарияда, Чехияда қымбат үйлері мен сарайлары барын анықтаған.
- Қазір Тимур мен Динара Құлыбаевтар Forbes журналының байлар тізімінде 673-орында тұр. Екеуінің жиынтық байлығы 10 миллиард доллардан асады.
- Құлыбаевтар елдегі ең ірі коммерциялық банк – Халық банкінің бақылау пакетіне иелік етеді, оған қоса меншігінде мұнай өндіру, құрылыс, сауда және басқа салаларда жұмыс істейтін компаниялар бар. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан соң Құлыбаев "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы қызметінен кетті. Мұнай өңдеу және сату қызметімен айналысатын Petrosun компаниясындағы және "Сұйылтылған мұнай газын сақтау паркі" жобасындағы үлестерінен айырылды.