Accessibility links

Қара теңізде Қазақстан мұнайын күтіп тұрған екі танкерге дрон шабуылдады - Reuters


Бейтарап сурет.
Бейтарап сурет.

13 қаңтарда Қара теңізде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) маңында Қазақстаннан келетін мұнайды күтіп тұрған екі танкерге дрон шабуылдағаны айтылды. Бұл туралы Reuters агенттігі сегіз дереккөзіне сілтеп хабарлады.

Reuters агенттігінің ақпаратынша, грекиялық Delta Tankers компаниясына тиесілі Delta Harmony танкеріне "ТеңізШевройлдан" келетін мұнайды, ал Matilda танкері (грекиялық Thenamaris компаниясына тиесілі) Қарашығанақтан келген мұнайды тиеп әкетуі керек болған.

"Қазмұнайгаз" Қазақстан мұнайын күтіп тұрған Matilda танкері шабуылға ұшырағанын растады. Компания қазір шығын көлемі есептеліп жатыр деді. Thenamaris компаниясы да Matilda танкеріне екі дрон шабуылдағанын растады.

"Зардап шеккендер жоқ, танкер аздап бүлінген, тексерістен кейін бүлінген жерді жөндеуге болатыны анықталды" деген компания Reuters агенттігіне. Ал Delta Tankers компаниясы Reuters агенттігіне жауап бермеген.

Танкерлерге шабуылды кім жасағаны әзірге айтылмады. Украина да, Ресей де шабуыл жайлы ешқандай мәлімдеме жасамады. КҚК да ешқандай пікір білдірмеді.

Бұған қоса, грекиялық TMS компаниясы иелік ететін Freud танкері де, Delta Tankers компаниясына тиесілі Delta Supreme танкері де дрон шабуылына ұшыраған.

  • Ұзындығы 1500 шақырым болатын КҚК желісі арқылы Еуропаға тасымалданатын мұнайдың 80 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Былтыр КҚК нысандарына бірнеше рет шабуыл жасалып, салдарынан құбыр жұмысына кедергі болған.
  • 29 қарашада Украина теңіз дрондарымен Ресейдің Қара теңіздегі танкерлері мен мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасаған. Сол кезде Каспий құбыр консорциуымына тиесілі портқа да дрон түскен. Cалдарынан мұнай айдайтын үш құрылғының бірі істен шыққан.
  • Қазақстан СІМ Новороссийскідегі КҚК инфрақұрылымына шабуылға байланысты бұған дейін Украинаға наразылық білдірген. Оған жауап берген Украина СІМ шабуыл Қазақстан немесе басқа үшінші елге бағытталмағанын, бар мақсаты – басқыншының әрекетін тежеу екенін айтқан.
  • Қазақстан КҚК нысандарына жасалған шабуыл салдарынан 480 мың тонна мұнайын жоғалтты деп мәлімдеген былтыр 11 желтоқсанда Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов. Ол Қазақстан Каспий құбыр консорциумынан бас тартпайтынын, оған балама бағыт жоқ екенін айтқан.
XS
SM
MD
LG