АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі 21 қаңтардан бастап 75 елдің азаматтарына, соның ішінде қазақстандықтарға да иммиграция визасын беруді уақытша тоқтатады.
МЕМДЕПАРТАМЕНТ ШЕШІМДІ ҚАЛАЙ ТҮСІНДІРДІ?
Бұл шешімді АҚШ-тың мемлекеттік департаменті 14 қаңтарда жариялады.
Америкалық NBC News телеарнасы және Reuters агенттігінің ақпаратынша, 75 елдің арасында Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Армения, Әзербайжан, Молдова, Беларусь, Грузия, Иран, Ресей, Пәкістан, Өзбекстан, Иран бар.
Дегенмен бұл шешім туристік, студенттік визаларға, футболдан әлем кубогына берілетін визаға әсер етпейді. Шешім тек АҚШ-қа көшіп барып, тұруға мүмкіндік беретін иммиграция визасына қатысты шыққан.
Мемлекеттік департамент өкілі бұл шешім "шетелден келетін азаматтардың әлеуметтік және мемлекеттік жеңілдіктерді пайдалануды тоқтату үшін шығарылғанын" айтады.
"Мемлекеттік департамент АҚШ-қа болашақта көшіп келетіндерді иммиграцияға жарамайды деп тану өкілетін пайдаланады. Себебі иммиграцияға жарамайтындар АҚШ-қа масыл болып, Америка халқының жомарттығын асыра пайдалануы мүмкін" деді мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысының орынбасары Томми Пиготт.
АҚШ енді иммиграция визасының құжаттарын қарастыру процедурасын қайта қарамақ. Вашингтон иммиграция визасын қарау уақытша тоқтатылды дейді, бірақ бұл типтегі визаларды беруді қашан қалпына келтіретінін ашып айтпады.
Әдетте АҚШ-тың грин-картасын алғандар алдымен иммиграция визасына тапсырып, сол арқылы Америкаға көшіп барады.
ТРАМПТЫҢ ИММИГРАЦИЯ САЯСАТЫ
Дональд Трамп екінші рет президент болып сайланған соң иммиграция ережелерін қатаңдатуға көшті. Ол бірінші күннен-ақ оңтүстіктегі шекараға Ұлттық гвардия әскерін жіберіп, істі болған немесе көші-қон заңын бұзған мигранттарды жаппай депортациялауды бұйырған. Бұған қоса, Чикаго, Лос-Анжелес, Нью-Йорк сынды ірі қалаларға әскер мен полиция барып, мигранттарға рейд жүргізген.
Трамп әкімшілігі былтыр қыркүйектің аяғында 2 миллион шетел азаматы елден шығарылғанын мәлімдеді. Оның 400 мыңын шекара қызметі күшпен депортацияласа, қалғаны "өз еркімен шығып кеткендер" дейді билік. Америкалықтардың бір бөлігі мигранттардың құқығы тапталып жатыр деп, оларды көшеден күшпен алып кетуге қарсы наразылық та танытты. 2025 жылы маусым және қазан айларында Трамп әкімшілігіне қарсы жалпыұлттық қарсылық шаралары өтті.
Қазір Вашингтон АҚШ-қа көшіп баруға мүмкіндік беретін грин-карта лотереясына өтініш қабылдауды да уақытша тоқтатқан. Бұған қоса, 2025 жылы желтоқсанда Трамп әкімшілігі 19 ел азаматтарының көші-қонға қатысты өтініштерін қабылдауды тоқтатты. Тізімге енген елдер арасында Түркіменстан, Ауғанстан, Гаити, Иран, Йемен, Конго республикасы, Ливия, Мьянма, Сирия, Сомали, Судан, Чад, Гвинея және Эритрея болған.
Бұл шешімдерге былтыр АҚШ-та болған қайғылы оқиғалар да әсер еткені айтылды. Қарашада Вашингтонда ұлттық гвардия жасағына шабуыл жасалған. Ішкі қауіпсіздік министрлігі шабуылға Ауғанстаннан келген азаматты айыптаған.
13 желтоқсанда АҚШ-тың Род-Айленд штатыдағы Браун университетінде емтихан кезінде болған атыстан кемінде екі адам қаза болды, 8 адам жарақаттанды. Бұл атысқа күдікті болған португалиялық ер адам АҚШ-қа грин-картамен келгені хабарланды.
Осы оқиғалар грин-карта лотереясының тоқтауына себеп болып, АҚШ-қа келу процесін қиындатты. Трамп әкімшілігі туристік, білікті мамандарға арналған визалардың құны да бірнеше есе қымбаттатты.
Мемлекеттік департамент бұған дейін виза алған 100 мың адамның визасын жойды. Қазақстанда да АҚШ-тың он жылдық визасын алған адамдар елшіліктен визалары жойылғаны жайлы хат алған еді.