Түркістан облысында "егде тартқан әкесін ұрды" деп айыпталған ер адам 5 жылға түрме жазасына кесілді. Жетісай ауданының соты А.С. есімді ер адамды Қылмыстық кодекстің "Қасақана денсаулыққа орташа зиян келтіру" және "Қинау" баптарымен айыпты деп тапты. Бұл туралы полиция департаментіне сілтеме жасап, Tengrinews.kz сайты хабарлады.
Тергеу құжаттарына қарағанда, А.С. 2025 жылы мамырда ауыр дертке шалдыққан әкесін қолына алған. Бірақ сол жылы тамызда әкесінің қауқарсыздығына ашуланып жиі ұра бастаған. Сот ер адамның әкесін кемі үш рет ұрғанын анықтаған.
Қыркүйекте А.С. мен әйелі қарт адамды ұрып жатқанын көршісі видеоға түсіріп алып, желіге жариялап жіберген еді. Бұл қоғамда резонанс тудырған. Ал соққыдан кейін 70 жастағы егде адамның жағдайы нашарлап, көз жұмған.
Сот-медицина экспертизасы егде адамның қабырғасы сынғанын, денесінде көп жарақат болғанын анықтаған еді.
15 қаңтарда соттағы соңғы сөзінде А.С. кінәсін мойындап, "өмір бойы өкініп өтетінін" айтып, елден кешірім өтінген. Прокурор күдіктіні 6 жыл 2 айға соттауды сұраған еді.
Егде тартқан адам қайтыс болған соң А.С. мен әйелі де күдікке ілінген. Зейнеткердің келінінің үстінен "Ұрып-соғу" бабы бойынша іс қозғалып, бірақ дәлел болмаған соң іс жабылған.