Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламентті реформалау жөніндегі жұмыс тобының отырысында Конституцияға біраз түзетулер енгізілетінін меңзеді.
"Парламент реформасын жүзеге асыру үшін Конституцияның бірден бірнеше бөлімін қайта қарау қажет болады. Сондықтан Ата заңымызға осыған дейін енгізілген өзгертулерді ескерсек, жұмыс тобы ұсынып отырған түзетулер жобасы Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға мүмкіндік береді" деді ол 19 қаңтардағы жиында.
Бұған қоса, Тоқаев ертең, 20 қаңтарда өтетін Ұлттық құрылтайда "бұл мәселе бойынша нақты пікірін айтатын" жеткізді. Ол "заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде қайта форматтау қажет" дейді.
Жиында президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі, жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары "Бір палаталы парламенттің заң шығару жұмысындағы барлық процедурасы егжей-тегжейлі пысықталды" деді. Ал мемлекеттік кеңесші, парламентті реформалау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі "парламенттің құрылымына, құрамына, өкілеттігіне қатысты ұсынылып отырған өзгерістер өте ауқымды" болғанын айтты.
Тоқаев бір палаталы парламент құру ұсынысын былтыр 8 қыркүйекте халыққа жолдауында айтқан. Ол парламентті тек партия тізімдерімен сайлауды ұсынды. Биліктің жоспары бойынша, ұсыныстар биыл талқыланып, 2027 жылы референумға шығарылуы керек.
Тоқаев бұған дейін парламент реформасы бойынша халықтан 500-ге жуық ұсыныс түскенін айтқан. Ал бүгін, 19 қаңтардағы отырыста 1600 ұсыныс келгені айтылды.
16 қаңтарда Алматыда бір топ қоғам белсендісі парламент реформасын талқылап, биліктің кейбір ұсынысына қарсы шыққан. Олар парламент қалыптастыруда мажоритарлық жүйенің үлесін 70 пайызға дейін арттырып, партия тізімі арқылы сайланатын депутаттар санын 30 пайызбен шектеу қажет екенін ұсынған.