Accessibility links

Трамп "Гренландияны әскери жолмен басып алмайды", Еуропаға тариф енгізбейді


АҚШ президенті Дональд Трамп Давостағы Дүниежүзілік экономика форумында. 21 қаңтар 2026 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Давостағы Дүниежүзілік экономика форумында. 21 қаңтар 2026 жыл.

Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономика форумында Трамптың Гренландия аралына шабуыл жасамайтыны белгілі болды. Бірақ АҚШ президенті Гренландия аралын Америкаға қосу ниетінен бас тартқан жоқ.

ТРАМП НЕ ДЕДІ?

АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландия аралын әскери жолмен басып алмайтынын мәлімдеді, бірақ аралды АҚШ-қа қосу туралы келіссөз жүргізгісі келетінін айтты. Трамп бұл сөзін 21 қаңтарда Швейцарияның Давос қаласындағы Дүниежүзілік экономика форумында мәлімдеді.

Бұған қоса, АҚШ президенті Гренландияны қолдаған Еуропа елдеріне қосымша тариф салу жоспарынан бас тартты. Давостағы сөзінде Трамп "Гренландияны АҚШ-қа қосу Американың ғана емес, халықаралық қауіпсіздік үшін маңызды" деді. Ол АҚШ ғана Гренландияны басқа елдердің қауіп-қатерінен қорғай алады деп санайды.

АҚШ президенті Давоста нақты елдерді атаған жоқ, бірақ бұған дейінгі сөздерінде Данияның автономды аумағы саналатын Гренландияға Ресей мен Қытайдан қауіп барын мәлімдеген.

22 қаңтарда Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь "Қытайдың тарапынан Гренландияға қауіп төнеді деген сөздер негізсіз", "эгоистік пайда үшін жоқ жерден мәселе шығарып, Қытайды пайдалануға қарсымыз" деді.

"Гренландияны АҚШ-қа қосу туралы келіссөзді тез арада бастағым келеді. Маған әскердің күшін қолдану керек емес, күш қолданғым келмейді, қолданбаймын" деді Трамп.

Ал Дания сыртқы істер министрі Ларс Локке Расмуссен "келіссөзге ашықпыз" деп мәлімдеді.

"Трамптың сөзінен кейін оның амбициясы өзгермейтіні түсінікті болды, дегенмен оның әскери күш қолданбаймын дегені жақсылықтың белгісі" деді ол.

ГРЕНЛАНДИЯНЫҢ ЕГЕМЕНДІГІ "ТАЛҚЫЛАНБАЙДЫ"

Бірақ Трамп Гренландияны бақылауға алу Вашингтонның басты мақсаты екенін ашық білдіріп, НАТО-дағы одақтастарына қайырылды.

"Бізге әлемді қорғау үшін мұздың бір бөлігі ғана керек. Біз басқа ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Сондықтан оларда таңдау бар. Сіздер "иә" деп айтсаңыздар, алғыс айтамыз. "Жоқ" десеңіздер, біз мұны ұмытпаймыз. Америка қауіпсіз әрі мықты болса НАТО да мықты болады" деді Трамп форумда.

Давоста Трамп НАТО-ның бас хатшысы Марк Рюттемен де кездесті. Рютте кездесуден соң "Гренландияның егемендік мәселесі талқыланған жоқ" деп мәлімдеді. Ал Дания премьер-министрі Метте Фредериксен "Біз барлық саяси мәселе бойынша, яғни, қауіпсіздік, инвестиция, экономика бойынша келіссөз жүргізуге дайынбыз. Бірақ егемендегіміз туралы келіссөз жүргізе алмаймыз" деді.

Трамп пен НАТО бас хатшысы Марк Рютте Давоста. 21 қаңтар 2026 жыл.
Трамп пен НАТО бас хатшысы Марк Рютте Давоста. 21 қаңтар 2026 жыл.

АҚШ президенті Арктика маңындағы аралға көз тіккелі Франция, Германия, Британия бастаған Еуропа елдері бірігіп, Дания мен Гренландияны қолдап келеді.

Трамп Гренландияның АҚШ-қа қосылуына қарсы Еуропа елдеріне қысым жасау үшін 17 қаңтарда қосымша тариф енгізетінін мәлімдеген еді. АҚШ президенті Давоста сөйлеп жатқанда Еуропарламент АҚШ пен Еуропа одағы арасында шілдеде жасалған сауда келісімін мақұлдауды тоқтатып қойды.

Дегенмен Трамп Трамп Truth Social желісінде НАТО хатшысы Марк Рюттемен келісімге келген соң тариф енгізілмейтінін жазды.

"Егер келісім жүзеге асса, АҚШ пен НАТО-ның барлық еліне пайдасы зор болады" деді Трамп желіде.

Бірақ Вашингтон да, НАТО да қандай келісім екенін жарияламады.

XS
SM
MD
LG