Қазақстанның Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүрген сарбаз 27 қаңтарда қаза тапты. Бұл туралы бас прокуратура хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, солдат қарудан өзіне оқ атып алған. Бұл іс бойынша ішкі істер министрлігі сотқа дейінгі тергеу бастап, жедел тергеу тобы құрылған. Солдаттың қазасын бас прокурор қадағалауына алып, Жамбыл облысындағы сарбаз қаза тапқан бөлімшеге прокурордың орынбасары, бас әскери прокурор, ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу департаментінің басшысы жіберілген.
23 қаңтарда Өскемендегі әскери гарнизонда да бір сарбаз қаза болған. Құрлық әскері қолбасшылығы сарбаз қарауыл қызметін атқару кезінде өзіне бекітілген қарудан өзіне оқ атып, алған жарақаттан көз жұмды деген.
Әскерде сарбаз өлімі жиілеген тұста бас прокуратура елдегі әскери бөлімдердің қауіпсіздігі тексерілетінін мәлімдеді.
"Әскерге алынған сарбаздардың өмірі мен денсаулығын қорғау, қауіпсіздік мәселесі жақын арада бас прокуратураның арнайы коллегиясында қаралады" деп мәлімдеді бас прокуратура.
Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім жиілеп барады. Қазақстан ер азаматтарды әскери борышын өтеуге міндеттейтін елдер қатарында. Сондай-ақ елде келісімшарт негізінде қызмет ету тетігі қарастырылған. Әскердегі қайғылы оқиғалар көбейген тұста толықтай келісімшарт үлгісін көшуге үндегендер болған. Бірақ қорғаныс министрлігі толықтай келісімшартқа өту бюджетке үлкен салмақ түсіретінін айтқан.
Әскери бөлімшелер сарбаздардың өлімін көбіне суицидпен, жеке отбасылық мәселелермен және денсаулық жағдайымен байланыстырады. Бірақ марқұм болған солдаттардың туыстары мұнымен келіспей, балалары кісі қолынан қаза тапты деп күдіктенеді.