Әлемнің бесінші ракеткасы Рыбакина Australian Open финалында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы (Беларусь) үш сетте жеңді - 6:4, 4:6, 6:4.
2 сағаттан астам уақытқа созылған матчта барлығы үшінші сетте шешілді. Рыбакина үшінші сетте 0:3 есебімен жеңіліп жатып, 6:4 есебімен басым түсті.
Ойыннан кейін Рыбакина "Қазақстанға рақмет, аренадағы мына бұрыштан көп қолдауды естідім" деп финал өткен Род Лайвер аренадағы қазақстандық жанкүйерлерге қарады. Ол жарысты ұйымдастырушыларға, командасына, дәрігерлерге, демеушілеріне, Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа (аренада отырды) алғыс айтты.
"Бүгін Қазақстан теннисшілері осынды бірнеше матч өткізді (Анна Данилина жұптық сында сербиялық Александра Круничпен финалда ойнап жеңілді. Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы турнирде жартылай финалда қарсыласына жол берді – Ред.). Мақтан тұтам және мықты нәтиже көрсетуді жалғастырамыз деп үміттенемін" деді Рыбакина марапаттау рәсімінде.
Қазақстан теннисшісі бұл жеңісі үшін рейтингіне 2000 ұпай және 2,7 млн доллар сыйақы алады. Келесі аптадан бастап ол әлемдік рейтингіде бесінші орыннан үшінші орынға көтеріледі.
Бұл – Рыбакинаның карьерасындағы екінші Grand Slam титулы. Ол 2022 жылы Британияда өтетін Уимблдон жарысында жеңіске жеткен. 2023 жылы Рыбакина мен Соболенко Australian Open жарысының финалында ойнап, сол кезде Беларусь теннисшісі басым болған еді.
Елена кейінгі 20 матчтың 19-ында жеңіске жетті. Рейтингте ондықта тұрған ойыншылармен кейінгі уақытта өткізген он ойынның бәрінде жеңді.
Ресейде туған Елена Рыбакина 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Оны Қазақстан құрамасына миллионер Болат Өтемұратов басқаратын Қазақстан теннис федерациясы шақырған. Рыбакина "карьерасында қаржылық қиындықтар болған кезде Қазақстан көмектесті" деп алғыс айтқан.