Accessibility links

Милан-Кортина қысқы олимпиадасы. Сіз білу керек негізгі деректер

Қысқы олимпиада өтетін Кортина қаласының көшесі. 2 ақпан 2026 жыл.
Қысқы олимпиада өтетін Кортина қаласының көшесі. 2 ақпан 2026 жыл.

Бүгін, 6 ақпанда Италияның Милан және Кортина қаласында 25-қысқы олимпиада ойындары басталады. 22 ақпанға дейін созылатын олимпиадаға Қазақстаннан қанша спортшы қатысады? Азаттық олимпиада жайлы жанкүйерге қажетті негізгі сұрақтарға жауап береді.

ҚАЗАҚСТАННАН НЕШЕ СПОРТШЫ ҚАТЫСАДЫ?

Биылғы олимпиадаға Қазақстаннан 36 спортшы жолдама алды. 6 ақпанда Миландағы 60 мың адам сиятын Сан-Сиро стадионында өтетін ашылу салтанатында Қазақстан туын шорт-трекші Денис Никиша мен фристайлшы Аяулым Әмренова ұстап шықпақ. Италиядағы қысқы олимпиадаға қатысатын ұлттық құраманың орташа жасы – 25 жас. Бұл – Қазақстан тарихындағы олимпиадаға қатысатын "ең жас" құрама.

ҚАЙ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН ЖҮЛДЕГЕ ТАЛАСАДЫ?

Қазақстан спортшылары мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру, фристайл акробатика, фристайл могул, биатлон, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы спортынан олимпиадаға қатысады.

Қазақстан конькишілері жаттығу жасап жүр. Милан, 3 ақпан 2026 жыл.
Қазақстан конькишілері жаттығу жасап жүр. Милан, 3 ақпан 2026 жыл.

ОЛИМПИАДАНЫ ҚАЙДАН КӨРУГЕ БОЛАДЫ?

Қазақстанда қысқы олимпиада ойындарын көрсету құқығын "Қазақстан", "Қазспорт", "Хабар" және "Жібек жолы" телеарналары алған. Барлық жарысты осы төрт арна бөліп көрсетеді. Олимпиада ойындарын өткізу құқығын әр ел Халықаралық олимпиада комитетінен сатып алады. Қазақстан телеарналары олимпиада көрсету құқығына қанша қаржы жұмсағанын ашық жарияламайды.

ҚАЗАҚСТАН ХОККЕЙШІЛЕРІ ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСПАЙ МА?

Қысқы олимпиада әлем көз тігетін жарыстың бірі – шайбалы хоккей турнирі. Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасы да олимпиадаға қатыспайды. Қазақстан ерлер құрамасы іріктеуде Словакия, Австрия, Венгрия бар топта Словакияға жол беріп, жолдама иелене алмаған. Олимпиадаға Словакия лицензия алған еді.

Ал әйелдер құрамасы екінші іріктеу кезеңінде Словакия, Словения, Исландия бар топтан екінші орын алып, іріктеудің шешуші кезеңіне шыға алмаған.

Қазақстан ерлер құрамасы 1998, 2002, 2006 жылғы олимпиадаға қатысқан.

ҚАЗАҚСТАН ЖҮЛДЕГЕРЛЕРГЕ СЫЙАҚЫ БЕРЕ МЕ?

Қазақстан олимпиада ойындарында алтын алған спортшыға 250 мың доллар, күміс жүлдеге 150 мың доллар, қола медальға 75 мың доллар сыйақы тағайындаған. 4-5-6 орын алғандарға, тиісінше, 30 мың, 10 мың, 5 мың доллар береді. Қазақстаннан 2014 жылы Денис Тен (мәнерлеп сырғанау), 2018 жылы Юлия Галышева (фристай могул) қола медаль иеленген. Қазақстан 2022 жылғы олимпиадада жүлдесіз қалды.

ҚАЙ ЕЛДЕР КӨП МЕДАЛЬ ИЕЛЕНУІ МҮМКІН?

5 миллионнан асатын халқы бар Норвегия 2018 және 2022 жылғы қысқы олимпиадада жалпы есепте бірінші орын алған. Норвегтер Пхенчхан ойындарында 39 медаль (14-і алтын), Пекин олимпиадасында 37 медаль (16-сы алтын) иеленген. Биылғы олимпиада да Норвегия фаворит. Бұл елмен медаль саны бойынша Германия, Канада, АҚШ бәсекеге түспек.

ОЛИМПИАДА НЕГЕ БІРНЕШЕ ҚАЛАДА ӨТЕДІ?

Қысқы олимпиаданың мұздағы жарыстары Милан қаласында, ал қардағы жарыстары Альпінің етегіндегі Кортина қаласында өтпек. Екеуінің арасы 415 шақырым. Кейбір жарыстар Вальтеллина және Валь-ди-Фиемме алқаптарында болмақ. Миланда тау я қар жоқ болғандықтан шаңғы жарыстары Альпі етегінде ұйымдастырылады. Ал олимпиада Верона қаласында жабылады. Бұл тарихтағы ең "шашыраған олимпиада" болмақ.

Миландағы керлинг жарысы. 5 ақпан 2026 жыл.
Миландағы керлинг жарысы. 5 ақпан 2026 жыл.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН ҚАЙ ЕЛДЕР ҚАТЫСАДЫ?

Қысқы олимпиадаға Өзбекстан мен Қырғызстаннан екі-екі спортшыдан қатысады. Қырғызстан шаңғы және тау шаңғысынан екі спортшы жіберді. Ал Өзбекстаннан тау шаңғысынан бір, шорт-тректен бір спортшы келді. 2024 жылға дейін Ресей құрамасында болған шорт-трекші Данил Ейбог бұл олимпиадаға Өзбекстан атынан қатысады. Тәжікстан мен Түркіменстан спортшылары қысқы олимпиадаға жолдама ала алмады.

ИТАЛИЯ ОЛИМПИАДАҒА ҚАНША ҚАРЖЫ ЖҰМСАДЫ?

Reuters агенттігінің жазуынша, Италия бұл олимпиаданы ұйымдастыруға 5,2 млрд еуро жұмсаған. 3,5 млрд еуроны бюджеттен алса, 1,7 млрд долларды жекелеген қорлардан тапқан. Италия үкіметі олимпиадаға екі млн жанкүйер келіп көреді, ал телеарнадан үш миллиард адам тамашалайды деп болжайды. Бұған қоса, ел үкіметі олимпиададан түсетін пайда 5,3 млрд еуродан асады деп есептейді.

РЕСЕЙ ҚАТЫСА МА?

Италиядағы олимпиадаға Ресей мен Беларусь ел ретінде қатыспайды. Бірақ Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Ресейдің 13 спортшысына, Беларусьтың жеті спортшысына бейтарап атлет ретінде олимпиадаға қатысуға рұқсат берді. 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң ХОК екі елді олимпиададан шеттеткен. Халықаралық қауымдастық Беларусь Ресейге соғыс ашуға көмектесті деп айтыптайды. ХОК Ресей мен Беларусьтың спортшыларды бейтарап статуста олимпиадаға қатыстырып жүр. Атлеттер бейтарап спортшы болу үшін арнайы тексерістен өтеді. Тексеріс кезінде олардың соғысты, Кремль саясатын ашық қолдайтыны я қолдамайтынына мән беріледі.

XS
SM
MD
LG