11 ақпанда Италиядағы олимпиадада украиналық скелетоншы Владислав Гераскевич тыйымға қарамастан соғыста қаза тапқан спортшылардың суреті жапсырылған шлеммен жаттығуға қайта шықты.
Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Гераскевичке бұл шлеммен олимпиадаға қатысуға тыйым салған еді. Ережеге сай, спортшылар олимпиада жаттығуында, жарыста, марапаттау кезінде саяси тақырыптарды көтеруге болмайды. Бірақ Гераскевич шлем ешқандай да саяси насихат емес, "олимпиадаға қатыса алмай кеткен спортшыларға тағзым" деп санайды.
ХОК бүгін, 11 ақпанда Украина скелетоншысынан тыйым салынған шлеммен жарысқа қатыспауды сұрап, егер қатысса жарыстан шеттетілетінін ескертті. Бірақ Гераскевич шлеммен жарысқа шығамын деп отыр. Ол жүлдеден бұрын адамдардың өмірі қымбат деп санайды.
"Қазір адамдардың өмірі мен қаза тапқан спортшылардың еске алу жүлдеден де маңызды деп айтар едім" дейді спортшы журналистерге.
Бұған дейін ХОК спортшыға шлемнің орнына қара лента тағып шығуды ұсынған.
Ал бүгін, 11 ақпанда ХОК өкілі Марк Адамс "Біз оның жарысқа қатысқанын қалаймыз. Біз онымен бүгін байланысып, спортшыларға тағзым көрсететін басқа да мүмкіндіктерді ұсынып көреміз" деді Миландағы баспасөз мәслихатында.
Гераскевич соғыс құрбандарының суреті бар шлемді 9 ақпандағы жаттығуға киіп шыққан еді. Осыдан кейін халықаралық басылымдар оның шлеміне назар аударған. Ал спортшының өзі "Бұл адамдар өмірден өтті, соғыста қаза болды. Барлығы – украиналық атлеттер. Кейбіреуі бала еді, енді олар ешқашан жарысқа қатыса алмайды. Олар әртүрлі қалаға жасалған шабуылдан қаза тапты. Кейбірі жасөспірімдер арасындағы олимпиадаға қатысқан" деген.
Гераскевич 2022 жылы ақпанда Пекин олимпиадасында "Украинада соғысқа жол жоқ" деген плакат көрсеткен еді. Араға бір аптадан аса уақыт салып, Ресей Украинаға басып кірген. Киевтің ресми мәліметінше, Украинаның 600-ден аса кәсіби спортшысы соғыста қаза тапқан.