Accessibility links

Журналист Борейконың Facebook және Instagram парақшалары бұзылды

Журналист Виктор Борейко.
Журналист Виктор Борейко.

Журналист, "Гиперборей" YouTube-арнасының авторы Вадим Борейконың Instagram және Facebook парақшасын әлдекімдер бұзған. Бұл туралы Азаттыққа журналистің өзі хабарлады.

Борейко парақшаларының бұзылуын бүгін, 26 ақпанда Youtube-арнасына шыққан видеолармен байланыстырады.

- Парақшамды бұзды, бар айтарым осы. Хронологиясына келсек, "Гиперборей" YouTube-арнасына таңертең сағат 9-да "Құқықтық медиаорталық" қоғамдық қорының жетекшісі Диана Окремовамен референдум қарсаңында қорқыту мен үркіту науқаны жайлы шықты. Ал түсте Оразалы Ержановтың ұсталғаны (Алматыда жаңа Конституция жобасын қатаң сынап жүрген белсенді Оразалы Ержанов қамалғаны хабарланған - Ред.) жайлы жедел шығарылым жарияланды. Осыдан соң басталды, – деді журналист Азаттыққа.

Қазір Борейконың Instagram және Facebook парақшасын есімі және бас суреті өзгертіліп, журналисті қаралайтын суреттер мен видеолар жарияланған.

Вадим Борейконың парақшасына алғаш рет шабуыл жасалып тұрған жоқ. Былтыр қарашада Борейконың, журналист Асхат Ниязовтың Instagram парақшасы өшіріліп, қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың Instagram парақшасы бұзылған.

Қазан айында тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияров YouTube "Просто журналистика" арнасы өшіріліп, ізінше қалпына келтірген. YouTube-тың өзі арна негізсіз жабылғанын мойындағаны айтылған.

Кейінгі кезде Қазақстанда билікті сынап жүрген азаматтардың немесе тәуелсіз журналист, белсенділердің әлеуметтік желідегі парақшалары, YouTube-арналарының түрлі себеппен жойылуы жиіледі.

XS
SM
MD
LG