Астана қаласы ауданаралық әкімшілік соты белсенді Әлнұр Ілияшевтің президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстінен түсірген арызын қарамай кері қайтарған. Бұл туралы Азаттыққа соттың анықтама бөліміндегі маман айтты.
Кеше, 26 ақпанда Ілияшев желіде президент Тоқаевтың референдум тағайындау туралы жарлығының заңдылығын даулап, сотқа шағым түсіргенін жазған. Белсенді Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шағымды тіркегенін айтқан. Қазір Ілияшевтің шағым түсіргені туралы жазбасы Facebook парақшасында көрінбей қалды. Ал белсенді жазбасын парақшасынан алмағанын айтты.
Белсенді "азаматтардың коституциялық құқығы мен бостандығын бұзатын, Республика қызметінің түбегейлі принциптерін өзгертетін жобаны 15 наурыздағы референдумға шығармақ" деп мәлімдеген. Сондықтан ол соттан президенттің референдум өткізу туралы жарлығын заңға қайшы деп тануды талап еткен еді.
Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша референдум 15 наурызда өтеді.
Ақорда конституциялық түзетулерді "жаңа тарихи дәуірдің талаптарына сәйкес мемлекетті қайта құру және қоғамдық сананы жаңарту" деп түсіндіреді. Конституция жобасында екі палаталы парламенттің орнына бір палаталы парламент құрылатыны, Жоғарғы соттың, Конституциялық соттың, Ұлттық банктің, ҰҚК төрағасын, Бас прокурорды президент тағайындайды.
Ал кейбір заңгерлер мен құқық қорғаушылар жоба президенттің билігін күшейте түседі, биліктің заң шығарушы тармағының рөлін төмендетіп, азаматтардың құқығын шектейді деп санайды.
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі құрылымына енетін Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы Конституция жобасы президент билігін күшейтеді деген пікірлерді жоққа шығарып, оларды "аңыз" деп атады.