Ақпанның 27-сінде Ресейдің бірнеше қаласының тұрғындары Владимир Путин режиміне, оның Украинадағы соғысына ашық қарсы шығып, 2015 жылғы 27 ақпанда Мәскеуде қастандық салдарынан өлген саясаткер Борис Немцовты еске алды. Биыл оның қазасына 11 жыл толды.
Мәскеуде саясаткер қаза болған көпірге жұрт гүл шоқтарын қойды. RusNews жазуынша, саясаткерді еске алуға Германия, Ұлыбритания, Франция, Чехия, Нидерланды, Литва, Польша, Латвия, Эстония, Испания және АҚШ елдерінің дипломатиялық өкілдері келген. Басылымның жазуынша, сол кезде полиция дауысүдеткішпен "азаматтардың жүруіне кедергі келтірмеуді" талап етіп, ескерткен.
Саясаткердің қабіріне "Ынтымақ" (Солидарность) қозғалысының өкілдері барып, гүл қойды, қабір маңындағы қарды тазалады деп жазды SOTA.
Петерургте жұрт саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл қойды.
Новосибирск, Екатеринбург, Барнаул қалаларында да саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылған – мұнда ескерткіштерді полицейлер күзеткен. Кейбірінде келгендердің құжаттарын тексерген.
SOTA жазуынша, Ярославльда Борис Немцов атындағы мемориал тақтасына гүл қойылып, саясаткер тұрған үйге тақташа орнатылған.
"Мемориал" ұйымының Екатеринбургтегі бөлімінің төрағасы Алексей Мосиннің "Медиазона" басылымына айтуынша, оны қаладағы алаңға гүл қою үшін бара жатқан кезде ұстаған. Оның үстінен "рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыру" бабы бойынша хаттама толтырылып, полиция бөлімінде қалдырған. Сот сенбі күні өтпек.
- Ресей оппозициясы жетекшілерінің бірі Борис Немцовқа 2015 жылы 27 ақпанда түнде Кремль маңында қастандық жасалған. Немцовты өлтірді деген айыппен Шешенстанның бес тұрғыны сотталған. Олардың ішінде офицерлер бар. Тапсырыс беруші әлі күнге дейін анықталған жоқ. Немцовтың серіктері қастандыққа Путиннің тікелей қатысы бар дейді.