Accessibility links

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Иран халқына көңіл айтты

Тегеран көшесінде ілініп тұрған Иранның рухани көсемі Әли Хаменеидің суреті. 2 наурыз 2026 жыл.
Тегеран көшесінде ілініп тұрған Иранның рухани көсемі Әли Хаменеидің суреті. 2 наурыз 2026 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Иран халқына бейбіт тұрғындардың, балалардың және жоғарғы билік өкілдерінің қаза табуына байланысты көңіл айтты. Министрлік Қазақстанмен қарым-қатынастағы араб елдеріндегі азаматтық нысандарға соққы жасалғанына өкініш білдірді. Ведомство халықаралық гуманитарлық құқықтарды сақтап, бейбіт тұрғындарды қорғау керегін ескертті. Сыртқы істер министрлігі қақтығыстар саяси-дипломатиялық жолмен шешілуі керек деп санайды.

Бұған дейін Иранның Қазақстандағы елшісі Әли Акбар Джоукар Қазақстан тарабы әлі көңіл айтпағанын жеткізген. Елші Астанадағы брифингте көңіл айту жайлы қойған журналистердің сұрағына "Қазақстан – біз үшін дос әрі бауырлас ел. Мүмкін, демалыс күндері болғандықтан Қазақстан билігі хабарлама жіберуге мүмкіндік таппаған шығар" деп қана жауап берген еді.

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасаған. Ізінше Тегеранның да қарымта жауап қайтарып, АҚШ-тың Парсы шығынағындағы базалары мен Израильді соққылағаны белгілі болды. Бұған қоса, Иранның БАӘ астанасы Абу-Дабиге шабуылдағаны, Дубайға дронмен соққы жасағаны хабарланған.

АҚШ пен Израильдің шабуылынан Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи мен елдің әскери басшылары қаза тапқан. 2 наурызда Хаменеидің әйелі Мансуре Ходжасте Багерзаде қайтыс болды. Бұл туралы Reuters агенттігі, Иранның Al Alam телеарнасы мен Mehr агенттігі хабарлады. Хаменеидің әйелі Израиль мен АҚШ-тың шабуылынан соң комаға түскен еді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн және Кувейт мемлекеттерінің басшыларына "осынау қиын-қыстау кезеңде шынайы қолдауы мен тілектестігін білдіріп", хат жолдады. 1 наурызға қараған түні Ақорда таратқан хабарламада осылай деп айтылады.

Хатта Тоқаевтың "достас әрі бауырлас елдердің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған барлық әскери әрекетті батыл айыптайтыны" айтылған.

"Қазақстан халықаралық күрделі проблемалар мен қарулы қақтығыстардың бәрін тек дипломатиялық жолмен шешуді ұдайы жақтайды” деп жазылған хатта.

Ақорданың жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бауырлас араб мемлекеттеріне қал-қадерінше көмек көрсетуге дайын екенін айтып, аталған елдердің басшыларымен тұрақты қызметтік қарым-қатынас жалғасатынына үміттенетінін жеткізген.

XS
SM
MD
LG