Accessibility links

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтап қалды

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырды. Бұл жөнінде Ұлттық банк хабарлады. Ведомствоның айтуынша, мұндай шешім "болжам раундының нәтижесі, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағалауы мен инфляция тәуекелдерінің теңгеріміне сүйене отырып" қабылданған.

"Жылдық инфляция 2026 жылғы ақпанда болжамдарға сай келіп, 11,7%-ға дейін төмендеді (қаңтарда – 12,2%). Инфляцияның барлық компоненті қарқынның төмендеп келе жатқанын көрсетіп отыр. Азық-түлік тауарлары бойынша бағаның өсуі 12,7% (12,9%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша – 11,6% (11,7%), ақылы қызметтер бойынша – 10,8% (12%) болды" деп жазылған ұлттық банктің хабарламасында.

Айлық инфляция 2026 жылғы ақпанда жеделдеп, 1,1% болған. Базалық инфляция ақпанда 0,8% болды. Банктің айтуынша, инфляция әлі де құбылмалы әрі жоғары болады деген болжам бар.

Қаржы реттеуші органның жазуынша, Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты бірінші жартыжылдықта Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамнан гөрі уақытша қымбат болады деген болжам бар.

"Болжамға сәйкес, 2026 жылы баға орта есеппен 1 баррель үшін 66,3 АҚШ долларын құрап, кейінгі жылдары 60 АҚШ доллары деңгейінде тұрақталады" деді ведомство өкілдері.

Таяу Шығыстағы ахуал ушыққан шақта осы аптада Brent маркалы мұнай бағасы 18%, WTI 20 пайыздан астам қымбаттаған. Дегенмен жұмаға қарағанда мұнай сәл арзандады.

Лондондағы сауда барысында фьючерс келісімі бойынша Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 0,77 долларға арзандап, $84,64 болды. Оның алдында бұл көрсеткіш барреліне $85,41 болған.

Америкалық WTI маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы $0,98 арзандап, баррелі $80,03 болды. Оның алдында бір күн бұрын $81,01 болған. Бұл 2024 жылдың шілдесінен бергі ең жоғары көрсеткіш.

Әскери қимылдың жалғасып жатқанына бір аптаға уақыт жуықтады, бұл мұнай тасымалына кедергі жасап, ірі өндірушілерді мұнай өндірісін қысқартуға мәбүрлеген. Әлемде өндірілетін мұнайдың шамамен 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазы коммерциялық кемелерге жабылған еді.

Соңғы рет базалық мөлшерлеме былтыр қазанда өзгертілген еді: ол кезде Ұлтық банк базалық мөлшерлемені 16,5 пайыздан 18 пайызға дейін бірден көтерген. Ведомство мұны инфляцияны тежеу қадамы ретінде түсіндірді.

Базалық мөлшерлеме – бұл орталық банктің ақша құнын басқару тетігі. Ұлттық банк базалық ставканы екінші деңгейлі банктерге кредит берерде және олардың ақшасын депозитке қабылдарда қолданады. Яғни, ұлттық банк коммерциялық банктерге несиені дәл осы базалық ставкамен береді.

XS
SM
MD
LG