Алматыда 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні феминистер шара өткізіп, әйелдердің денсаулығы, әйелдердің бейбіт жиын өткізу құқығы, әйелдер мен балаларға жасалатын зорлық-зомбылық мәселесін көтерді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара басында залға бір топ әйел кіріп, айқайлап, спикерлердің сөзін бөліп, кедергі келтірген. Залға келгендердің арасында "Аманат" партиясы жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі, "Рахым" әлеуметтік үйінің басшысы Бибінұр Шералиева, Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімдігі құрған Отбасы қолдау орталығының өкілдері Әсем Исаева мен Дилнар Инсенова болған. Шудан кейін феминистер полиция шақырып, полицейлер кедергі келтірген әйедерді алып кеткен.
"Рахым" қорының инстаграм парақшасында жариялаған видеода залға кірген әйелдер шулап, полициядан іс-шараны тоқтатуды, феминистерді залдан шығаруды талап еткені көрінеді. Видеоны түсіріп тұрған әйел "бұларға марш ұйымдастыруға рұқсат берейін деп жүрсіңдер ме?" деп дауыс көтеріп, айғайлайды.
Бұл шараны осыған дейін Алматыда 8 наурызда Әйелдер маршын өткізген феминистер ұйымдастырды. Олар биыл Алматы әкімдігіне Әйелдер маршын өткізуге 10 рет өтініш бергенімен, жергілікті билік "көрсетілген тақырыптағы бейбіт жиындар қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деп рұқсат етпеген.
Алматыда Әйелдер маршы 2022 жылы ұйымдастырылған, одан кейін феминистер марш ұйымдастыруға рұқсат ала алмай келеді. 2023 жылы әкімдікті сотқа бергенімен, сот олардың шағымын қанағаттандырмаған.
Ал осы жексенбі, 8 наурызда өткен шарада ұйымдастырушылар фотолардар, стикерлер мен әйел құқығы жайлы ұрандардан тілек тақтасын жасады. Сондай-ақ бұған дейінгі марш пен басқа да митингілердегі көріністер бейнеленген, әйел құқығына қатысты тілектер жазылған елу шақты ашық хат жазып, әкімдікке жолдаған.