Accessibility links

"Оқтан тірі қалғаныма шүкір деп спортқа оралдым". Паралимпиада чемпионы Хамитов кім?

Ербол Хамитов биатлоннан паралимпиада чемпионы атанған сәт. Тезеро, Италия. 13 наурыз 2026 жыл.
Ербол Хамитов биатлоннан паралимпиада чемпионы атанған сәт. Тезеро, Италия. 13 наурыз 2026 жыл.

Италияда аяқталған қысқы паралимпиадада Қазақстан Ербол Хамитовтың алтыны мен қола жүлдесінің арқасында тарихи жетістікке жетті. 28 жастағы Хамитов биатлоннан паралимпиада чемпионы атанды, шаңғы жарысынан қола жүлдеге ие болды. Спортшы түнгі клубтағы жанжалдан кейін аяғынан айырылса да сынып қалмай, паралимпиада триумфаторына айналды.

Қазақстан қысқы паралимпиадада бірден екі жүлде алып көрмеген. 1994, 2018, 2022 жылдардағы паралимпиадада бір медаль иеленген еді. Ал жақында Италияда өткен қысқы паралимпиадада петропавлдық Ербол Хамитов шаңғымен спринт жарыста қола жүлде, кейін биатлоннан алтын медаль (із қуып жарысу) алды.

Ербол Хамитов биатлоннан із қуып жарысуда мәре сызығын бірінші кескен сәт. Тезеро, Италия. 13 наурыз 2026 жыл.
Ербол Хамитов биатлоннан із қуып жарысуда мәре сызығын бірінші кескен сәт. Тезеро, Италия. 13 наурыз 2026 жыл.

"Қазақстанның паралимпиада тарихындағы жетістігінің бір бөлшегі болу мен үшін маңызды. Болашақта Қазақстанда жаңа чемпиондар көп шығады деп үміттенемін" деді ол паралимпиада чемпионы атанған сәтте журналистерге.

АЯҒЫНАН АЙЫРҒАН ОҚИҒА

Ербол жастайынан спортпен айналысқан. Карьерасын футбол ойнаудан бастап, кейін грэпплинг, джиу-джитсу спортымен жалғастырады.

Бірақ 2017 жылы Петропавлдағы түнгі клубтың бірінде жанжал шығып, екі жігіт Хамитовтың аяғынан атып кетеді. Режиссер Қанат Бейсекеевтің "Ербол" атты деректі фильмінде спортшы бұл оқиғаны былай еске алады:

"2017 жылы 30 шілдеден бері бір аяғым жоқ. Жұмыстан кейін бірге жаттығатын достарыммен бірге бардым. Сол жердегі жағдайдан жараланып, аяғымды кесуге тура келді".

Ал жергілікті басылымдардың жазуынша, Хамитов Петропавлдағы мейрамхананың бірінде күзетші болып жұмыс істеп жүрген. Жұмыстан шыққан соң достарымен дискотекаға барып, сол жерде басқа балалармен шекісіп қалады. Кейін төбелес көшеде жалғасып, біреуі Ерболдың аяғынан екі рет атады. Оқ Хамитовтың тізесіндегі буынын үзіп кетеді де, ол көп қан жоғалтады. Кейін ауруханада аяғын ампутация жасауға тура келеді.

Араға бір жыл салып, Ербол спортқа қайта оралады. Грэпплингтен турнирлерде жүлде алып жүреді.

"Жарақаттан соң берілмеймін дедім өзіме. Тірі қалғаныма шүкір дедім де спортқа қайта оралдым" дейді ол деректі фильмде.

Ал 2018 жылы спорт функционерлер Хамитовқа паралимпиадаға енетін спорт түрлеріне ауысуға кеңес береді де, ол биатлонды таңдайды. Биатлонмен қатар щаңғымен жарысуды да қатар алып жүреді.

Бір-екі жылда биатлон мен шаңғыдан нәтижелерін жақсартып, 2022 жылы Пекиндегі қысқы паралимпиадаға жолдама алады. 24 жасында алғашқы паралимпиадасына қатысады. Араға бір жыл салып, 2023 жылдан бастап нәтижелері жақсара бастайды. 2023 жылы Швецияның Эстерсунд қаласында өткен пара шаңғыдан әлем чемпионатында спринт жарысында алтын медаль алады. Ал биыл Поклюка қаласында пара биатлоннан әлем біріншілігінде жекелей жарыста әлем чемпионы атанады.

"ОТБАСЫМНЫҢ СЕНІМІ - МОТИВАЦИЯ"

Осы жетістіктерінің арқасында Хамитов Италиядағы паралимпиадада фавориттердің бірі болды.

"Паралимпиадада биатлон жарысында іріктеуден өтіп, финалға шыққанымда әйелім мен қызыма хабарластым. Олар "жеңіске жетесің" деп сенім білдірді. Олардың сенімі – маған мотивация" деді Хамитов паралимпиада чемпионы атанған соң.

Ербол Хамитов паралимпиаданың марапаттау рәсімінде. Тезеро, Италия. 13 наурыз 2026 жыл.
Ербол Хамитов паралимпиаданың марапаттау рәсімінде. Тезеро, Италия. 13 наурыз 2026 жыл.

Спортшыны жеңісімен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та құттықтады. Бұған қоса, елдегі бизнесмендер паралимпиада чемпионына көлік және екі бөлмелі пәтер сыйға тартатынын хабарланды. Әрі Қазақстан паралимпиадада чемпион атанған спортшыға 250 мың доллар сыйақы да береді.

Италиядағы олимпиада мен паралимпиада алдында Тоқаев спортшыларды Ақордада қабылдап, Қазақстан туын тапсырған да Хамитов "алтын медальмен оралуға уәде берген" еді.

Ербол – қысқы паралимпиадада алтын медаль алған екінші қазақстандық. 2018 жылғы паралимпиадада Александр Колядин шаңғы жарысында чемпион атанған еді.

XS
SM
MD
LG