Accessibility links

Иран Тәжікстанда дрон зауытын аштық деген. Бірақ зауыттың да, дрондардың да қайда екені белгісіз

Иран әскерінің басшысы Мохаммад Багери мен Тәжікстанның сол кездегі қорғаныс министрі Шерали Мирзо дрон зауытының ашылу салтанатында. 17 мамыр 2022 жыл.
Иран әскерінің басшысы Мохаммад Багери мен Тәжікстанның сол кездегі қорғаныс министрі Шерали Мирзо дрон зауытының ашылу салтанатында. 17 мамыр 2022 жыл.

2022 жылы мамырда Душанбе маңында Иран қарулы күштерінің басшысы Тәжікстан қорғаныс министрімен бірге дрон шығару зауытының ашылу салтанатына қатысып, фотоға түсті.

Әскери басшылар ашылу салтанатында бұл Иранның шетелде ашқан алғашқы дрон зауыты деп мәлімдеген еді. Тәжікстандағы зауыттан 200 шақырымға дейін ұша алатын "Абабиль-2" (Ababil-2) тактикалық барлау дрондары шығарылады деген. "Абабиль-2" дрондары Иранның танымал "Шахед" дрондарынан кіші әрі әлдеқайда арзан екені де айтылды.

Қазір екі әскери басшы да қызметте жоқ. Тәжікстан қорғаныс министрі Шерали Мирзо былтыр қаңтарда үкіметтегі ауыс-түйіс кезінде қызметтен кеткен. Ал генерал-майор Мохаммад Багери былтыр маусымда Иран мен Израиль арасындағы 12 күндік соғыста әуе соққысынан қаза болған. Бірақ 2022 жылы Багери Иранның дрон жобаларының болашағынан көп үміт күтетінін мәлімдеген еді.

"Бүгінде біз ішкі қажеттілігімізді толық жауып, әскери техникаларымызды одақтастарымыз бен дос елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін экспорттай алатын жағдайға жеттік" деген еді ол.

Ертесінде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Багеримен кездесіп, екі елдің "қорғаныс және әскери саладағы серіктестігіне" қолдау білдірген. Бірақ ашылу салтанатынан кейін төрт жыл өтсе де зауыттың дрон шығаратыны белгісіз. Дрон шығарғанның өзінде оларды қайда жіберіп жатыр және қолданыста бар ма деген де сұрақ туындайды.

ЗАУЫТ ШЫНЫМЕН АШЫЛДЫ МА?

Азаттықтың Тәжік қызметі Тәжікстан қорғаныс министрлігіне, сыртқы істер министрлігіне және өндіріс министрлігіне зауыт жайлы сұрап ресми сауал жолдаған. Бірақ жауап келмеді. Дегенмен Тәжістанның жоғары лауазымды екі шенеунігі зауыт сол күйі ашылмағанын айтады.

"Дрон шығаратын зауыт ашу - Pepsi-Cola шығаратын зауыт ашу емес. Тәжікстанда дрон зауыты жоғына мың пайыз сенімдімін. Ондай зауыт мүлде жоқ" дейді аты-жөнін құпия сақтауды сұраған шенеуніктің бірі.

Душанбеде жұмыс істейтін батыс дипломатының бірі де осындай пікірде.

"Зауыт ашылды деген жаңалықты оқыдық. Одан кейін америкалықтардан да, біздің тараптан да бұл туралы ақпарат болмады. Зауыт шынымен болса, олар міндетті түрде сұрап, тексерер еді. Бірақ ондай ештеңе болған жоқ" дейді дипломат.

Иран басылымдары зауыт Душанбенің шетінде орналасқан деп хабарлаған. Кейбір бақылаушылар зауыт Тәжікстан әскерінің базасы, кейде мұнда ресейлік әскерилер де орналасады. маңында болуы мүмкін дейді.

Киевтегі Таяу Шығысты зерттеу орталығының директоры Игорь Семиволос ашық дереккөздер арқылы барлау әдісі (OSINT), спутник суреттер мен басқа да ашық деректерді қолдану дамыған уақытта мұндай зауыттың бары анықталар еді деп санайды.

"OSINT әдістерінің қазіргі мүмкіндіктерін ескерсек, өте құпия зауыттың өзін жасыру қиын. Ал айтылған дрондарды ешкім көрген жоқ, демек бұл жобаны симуляция деп айтсақ болады" дейді маман.

Тәжікстандағы дрон зауыты жайлы ақпарат 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң бірнеше айдан кейін шықты. Ал 2022 жылы жазда Иран Ресейге "Шахед" дрондарын жеткізе бастады.

Семиволостың пайымдауынша, Украинадағы соғыс тұсында Иранның дрондары Тәжікстанды ойландырып тастауы мүмкін, сондықтан Душанбе Тегеран не Мәскеумен әскери технология саласында серіктестік орнату санкциялар мен дипломатиялық қысымға себеп болар деп жоспарды тоқтатып тастауы мүмкін.

"Бәлкім, тәжік билігі жағдайды қиындатпайық деп бұл процесті баяулатып, кейінге қалдырған болуы да мүмкін" дейді ол.

"АБАБИЛЬ-2" ДРОНДАРЫ РЕСЕЙ ӘСКЕРІНДЕ БАР МА?

2022 жылы 30 қазанда Тәжістан сыртқы істер министрлігі Ресейге дрон жіберіп жатқанын жоққа шығарған. Ведомство мәлімдемесінде дрон зауыты бары я жоғы жайлы ештеңе айтпаған, бірақ "әскери техниканы үшінші елге эспорттамайтынын" жеткізген.

Ал Семиволос Украина майданында Тәжікстаннан шыққан дрондар табылмағанын айтады.

"Біз "Абабиль-2" дронын мүлде көрген жоқпыз. Ресей мен Украина соғысын айтатын болсақ, бұл дрондар қақтығыста болмады. Сондықтан бұл зауыттың көлемі мен функциясын бағалау өте қиын" дейді Семиволос.

Азаттықпен құпия түрде сөйлескен тәжік шенеунігі 2022 жылғы ашылу салтанаты Иран пропагандасының қойылымы болған дейді. Бірақ мұның мақсатын ашып айтпады.

Флорида халықаралық университеті халықаралық қатынастар және саясаттану кафедрасының доценті Эрик Лоб Тәжікстандағы дрон зауытының ашылу салтанаты расымен қойылым болса, демек Иран жағынан ақпарат тарату үшін жасалды деп санайды.

"Мұндай шараларды дүркіретіп өткізу – халықаралық изоляцияға қарсы тұрудың әдісі. Иран изоляцияда қалмады дегенді көрсету. Бұл – ел ішіндегі халыққа да бұл режимнің одақтастары, серіктестері және достары бар деген сигнал" дейді Лоб.

This item is part of
XS
SM
MD
LG