АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иранмен соғыс "мәре сызығына тақап қалды" деп мәлімдеді. Ол бұл қақтығыс аяқталған соң АҚШ НАТО-мен қарым-қатынасты "қайта қарайды" деді.
АҚШ пен Израиль Иранға соғыс ашқан тұста Еуропа елдері қақтығысқа араласудан бас тартқан еді.
Рубио Fox News телеарнасына 31 наурызда берген сұхбатында соғысты аяқтау үшін "келіссөздер жүріп жатқанын" айтып, уақыты келгенде "бетпе-бет кездесу болатынын" жоққа шығармады.
"Мәре сызығын көріп тұрмыз. Бірақ бұл бүгін емес, ертең емес, бірақ уақыты келеді" деді ол.
28 ақпанда басталған соғысты келісіммен аяқтау жайлы кейінгі күндері жиі айтыла бастады.
Иран президенті Масуд Пезешкиан 31 наурыз кешкісін АҚШ пен Израиль қауіпсіздікке кепілдік берсе Тегеран қақтығысты аяқтауға "ниетті екенін" мәлімдеді.
АҚШ өткен аптада Иранға соғысты аяқтау үшін 15 бөлімнен тұратын жоспарды ұсынғанын айтқан. Вашингтон Ираннан ядролық нысандарын бұзуды, ракеталарының мүмкіндігін шектеуді талап етеді.
Ал 31 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы соғыс "екі-үш аптада аяқталуы мүмкін" деп мәлімдеді.
Иран соғыс басталған тұста әлемдегі мұнай мен газдың 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазын жауып, бірнеше кемеге соққы жасаған. Осы аптада Испания мен Италия (екеуі де НАТО-ға мүше) АҚШ-тың әскери ұшақтарына әуе базаларын қолдануға рұқсат бермегені хабарланды. 31 наурызда Трамп Ирандағы соғысты қолдамағаны үшін Франция мен Британияны сынға алып, "Өздерің барып, мұнай қазып алыңдар", "өз-өздеріңді қорғап үйреніңдер" деді.
Ал Рубио Fox News арнасына берген сұхбатында "Бізге олардың әскери базасын қолдану керек болғанда, олар жоқ десе, біз не үшін НАТО-ның мүшесіміз?" деді.
Вашингтонның қысымы күшейген тұста, 1 сәуірде Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер "бұл біздің соғысымыз емес" деп мәлімдеді.
"НАТО - әлем тарихындағы ең тиімді әскери альянс, біз альянс шарттарын толық ұстанамыз. Қандай мәлімдемелер айтылса да, мен Ұлыбританияның ұлттық мүдделеріне сай келетін шешімді қабылдаймын" деді Стармер баспасөз мәслихатында.