12 сәуір күні Венгрияда жергілікті уақытпен теңертеңгі сағат 6:00-де сайлау учаскелерін ашылып, парламент сайлауына дауыс беру басталды. Дауыс беру сағат 19-ға дейін жалғаспақ.
Елде 8 миллионнан астам сайлаушы бар. Олар Ұлттық ассамблеяның 199 депутатын таңдайды. Деректерге сәйкес, алғашқы үш сағатта сайлаушылардың шамамен 17 пайызы дауыс берген. Бұл алдыңғы парламент сайлауы кезіндегі осындай кезеңдегі көрсеткіштен едәуір жоғары. Шетелдегі сайлау учаскелерінде де ұзын-сонар кезектер байқалды деп жазды басылымдар.
Биылғы сайлауда негізгі бәсеке 2010 жылдан бері билік басында отырған премьер-министр Виктор Орбан жетекшілік ететін Fidesz партиясы мен Петер Мадияр басқаратын оппозициялық Tisza партиясы арасында өтіп жатыр. Сайлауға барлығы бес партия түсіп жатқанымен, нақты саяси тартыс осы екеуінің арасында жүріп жатыр. Парламентке өту үшін партиялар 5 пайыздық межені еңсеруі тиіс.
Кейінгі сауалнамалар қорытындысы сайлаушылардың 38-50% Tisza партиясын, 29-39% — Fidesz партиясын қолдайтынын көрсетті. Сарапшылардың бағалауынша, оппозиция парламенттен 138-142 орынға дейін алып, конституциялық көпшілік дауыс иеленуі мүмкін.
Алайда бақылаушылар сайлау нәтижесі әлі де белгісіз екенін айтады. Бұған Венгрияның сайлау жүйесіне кейінгі жылдары енгізілген өзгерістер себеп болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, Fidesz дауыс үлесі төмен болған жағдайда да округтерді бөлу ерекшеліктері арқасында парламенттегі басымдығын сақтап қалуы ықтимал.
Сайлауалды науқан кезінде Виктор Орбан "соғыс я бейбітшілік" тақырыбын негізгі аргументке айналдырып, саяси бәсекелесі Петер Мадияр елді Ресеймен қақтығысқа итермелеуі мүмкін деп мәлімдеді.
Бұған қоса халықаралық басылымдар Fidesz мүддесін көздеуі ықтимал ресейлік жалған ақпарат тарату науқаны жөнінде де хабарлады. Сайлау қарсаңында Венгрия билігінің Ресеймен байланыстары туралы бірқатар материал жарық көрген.
Петер Мадияр өз саяси науқанын денсаулық сақтау, көлік, сыбайлас жемқорлықпен күрес және Брюссельмен жақындасу мәселелеріне құрды. Ол бұл жолғы сайлау Венгрия Орбанның жетекшілігімен Ресейге одан ары жақындай түсетінін немесе еуропалық демократия бағытына қайта оралатынын анықтайтын "референдум" деп атаған.
Сайлаудың алдын ала нәтижесі бүгін кешке, сайлау учаскелері жабылғаннан кейін жарияланбық.