Accessibility links

Таяу Шығыстағы соғыс Орталық Азияға қалай әсер етіп жатыр?

Кувейт туымен жүрген "Әл-Салми" танкері Ирандағы соғыс кезінде бүлінген.
Кувейт туымен жүрген "Әл-Салми" танкері Ирандағы соғыс кезінде бүлінген.

АҚШ пен Израильдің Иранға әуе шабуылдары, Тегеранның Таяу Шығысқа қарымта соққылары әлем экономикасына әсерін тигізіп жатыр. Бұл қақтығыстың салдары Иран арқылы тауар жеткізетін Орталық Азия елдеріне де тиіп жатыр.

Дубайдан Қырғызстанға аттануы тиіс көліктер тізбегі әлі БАӘ елінде тұр. БАӘ-дан Бішкекке көлік жеткізетін Ақтілек Алипбайуулу қашан жолға шығатынын білмейді.

– "Қазір көліктерді тиеңдер, 35-40 күнде жетеді" деген нақты ақпарат алған жоқпыз. Сондықтан көліктеріміз гаражда тұр. Бұл – тапсырыспен алынған көліктер. Портта бір жағдай болса, біз шығынға ұшыраймыз, – дейді ол.

Әдетте көліктерді паромға тиеп, Парсы шығанағы арқылы Иранға жеткізіп, әріқарай құрлықпен Қырғызстанға апарады. Ирандағы соғыс бұл жолды қиындатты.

"Өткел толық жабылған жоқ, көліктер кетіп жатыр, бірақ олар портта 15-20 күн, тіпті бір ай тұрып қалады. Қырғызстанға жеткізуге тырысып жатырмыз, бірақ кешігу бар. Көліктер Иран порттарында тұрып қалды. Порттар жүктерді жіберуден сақтанып отыр, себебі Парсы шығанағынан ракеталар ұшып жатыр. Міне, жүктердің тұрып қалған себебі – осы" дейді Алипбайуулу.

ЖҮКТЕР ҚҰРЛЫҚПЕН КЕТІП ЖАТЫР

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға әуеден соққы жасап, кейін Тегеран Таяу Шығыстағы нысаналарға шабуылдай бастағанда аймақ экономикасына әсер ететіні анық болған.

Қақтығыс қазір Таяу Шығысқа ғана емес, Иранмен тауар тасымалдауға тәуелді Орталық Азия елдеріне де әсерін тигізіп жатыр. Парсы шығанағында кемелердің жүруі қиындағандықтан жүктерді құрлық арқылы жіберуге көшкен, бірақ бұл әдіс тасымал уақыты мен шығынын көбейтеді.

Қырғызстанның халықаралық жүк тасымалдау қауымдастығының төрағасы Азамат Жумабековтің сөзінше, соғыстың кесірінен Сауд Арабиясы сияқты тасымал орталықтарынан жүк әкелу уақыты он күнге ұзарған. Жүктер Ормуз бұғазын айналып өтіп, ұзақ жолмен жүруге мәжбүр.

Дубай әуежайы маңына шабуыл жасалған сәт. 16 наурыз 2026 жыл.
Дубай әуежайы маңына шабуыл жасалған сәт. 16 наурыз 2026 жыл.

"Бұрын тауарды теңіз арқылы әкелетінбіз, қазір жүк көліктерін қолданамыз. Сауд Арабиясынан бастап басқа елдердің өз талаптары бар. 10 күн кешігу – саудагерлер үшін өте көп уақыт, бірақ біздің айыбымыз емес. Жағдай геосаяси ахуалға байланысты екенін түсінеді" дейді ол.

Соғыстың салдары қатты сезіле бастаған, себебі жеткізу шығыны артқандықтан баға да өсе бастады, бұл сатып алушылардың қалтасына соққы.

Қақтығыс құрлықтағы сауда жолдарын да бітеп, азық-түлік жеткізуді де тоқтатып тастады. Бұл айлық табысы 500 доллардан аспайтын көп елдегі энергия бағасын қымбаттатып жіберді.

ЭНЕРГИЯ ҚЫМБАТТАДЫ

Дүниежүзілік банктің есебінше, 2025 жылы Орталық Азия елдерінде тұтыну тауарлары, ақша аударымдары мен инвестицияның арқасында экономика 7 пайызға өскен. Бірақ Ирандағы соғыс жағдайды қиындатты. Ормуз бұғазының жабылуы энергия мен тауарлардың бағасын өсіріп жіберді. Вашингтонда орналасқан Халықаралық валюта қорының есебінше, Еуропа пен Орталық Азиядағы инфляция деңгейі рекордтық 8,1 пайызға артқан.

Әсіресе энергияны сырттан алатын Қырғызстан мен Тәжікстанға қиын тиді. Мұнай бағасының өсуі мемлекет бюджетіне қысым жасап, экономиканың өсімін баяулатты. Көліктен бастап азық-түлік, шаруашылық өнімдерін тасымалдау кешігіп, инфляция қысымын арттырды.

Дүниежүзілік банк "Таяу Шығыстағы қақтығыс жалғасса, Еуропа мен Орталық Азиядағы экономикалық өсім 2026 жылы күрт баяулап, болжанған 2,4 пайыздан 2,1 пайызға дейін түсіп кетуі мүмкін" деп болжайды. Бұл – 2020 жылдан бергі ең баяу өсім.

"Қытай, Үндістан, Жапония және Корея сынды елдер мұнайдың көбін Ормуз бұғазы арқылы алатын. Қазір олар Ресейге қайырылды және қажетті мұнай көлемі артып келеді, — дейді Қырғызстанның мұнай саудасы қауымдастығының президенті Канатбек Эшатов, — Салдарынан Ресейде де мұнай бағасы өсті. Бұрын тоннасын 700 долларға алсақ, қазір 900 долларға жақындап қалды".

Қырғызстан мінілген көліктердің импортаны қатты тәуелді. 2025 жылы 139 мыңдай көлік Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония және АҚШ-тан келген, тағы көліктер Иранның Бандар-Аббас порты арқылы Дубайдан жеткізілді. Көліктердің бір бөлігі Ресейге реэкспорт жасалып, сол жаққа сатылады.

Ирандағы қақтығыс басталғалы БАӘ-ден бір көлікті жеткізу бағасы 125-180 пайызға артып, 1300-300 доллардан 3500-6000 долларға қымбаттап кетті. Бұл ішкі саудадан және реэкспорттан түсетін пайдаға қауіп төндірді.

Тәжікстанда күннен-күнге тауарлар қымбаттап, кейбір тауарларды дүкен сөресінен табу қиындады. Иран арқылы жеткізілетін азық-түліктер, үйге қажетті тауарлар мен құрылыс материалдары кешігіп жетіп жатыр.

Душанбек тұрғыны Зүлфия Султонова "бұрын кір жуатын ұнтақты 50 сомониге (5 доллар) алатын едік, қазір бір аптаның ішінде 65 сомониге қымбаттады" дейді.

Ал сатушылар тауар қорын толтыруға тырысып жатыр.

Душанбедегі кішкентай дүкеннің иесі Азам Юнусов бар тауарды сатып, бұрынғы бағаны ұстап тұрғанын, бірақ қысым күшейіп бара жатқанын айтады.

"Трейдерлер тауар жеткізу ұзақ уақыт алатындықтан баға өсе бастайды деп отыр" дейді ол.

Соғысқа дейін Иран Тәжікстан үшін ең ірі бес сауда серіктесінің бірі еді. Тәжікстан Ираннан шаруашылық пен тұтыну тауарларын алатын. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 484 миллион доллардай болған.

"Жағдай жақын уақытта өзгермесе және соғыс жалғасса Тәжікстанда баға қымбаттайды" деп ескертеді тәжікстандық экономист Ходжимухаммад Умаров.

Кейбір экономистер тауар екі бағытта да тасымалданатынын айтады.

ТЕҢІЗГЕ ШЫҒА АЛМАЙТЫН АЙМАҚ

Мұхитқа шыға алмайтын Орталық Азия аймағы солтүстік арқылы Ресейге шығатын Совет заманындағы жолдарға тәуелді болып келген.

Совет одағы құлаған соң бұл аймақ отыз жыл бойы оңтүстік пен батысқа транспорт және логистика жолдарын дамытуға көңіл бөлді. Ал Ирандағы порттар Орталық Азиядан экспортталатын тауарлардың әлемдік нарыққа шығатын маңызды хабқа айналды.

"Көп елдер дағдарыстың салдарын еңсеру үшін күш салуы керек, әсіресе тұрмысы төмен топтарды қорғауға аса назар аудару қажет. Бизнес пен жұмыс орнын ашу үшін реформаларды жалғастыру да дағдарысты жеңілдетуге және экономиканы нығайтып, өсіруге септеседі" дейді Дүниежүілік банк аймақ бойынша сәуірде жариялаған экономикалық болжамында.

Айдар
XS
SM
MD
LG