Accessibility links

АҚШ Иранның жүк кемесін басып алды

Америкалық эсминец Таяу Шығыста. 18 наурыз 2026 жыл.
Америкалық эсминец Таяу Шығыста. 18 наурыз 2026 жыл.

Жексенбі, 19 сәуір күні Вашингтон Ормуз бұғазындағы АҚШ блокадасын бұзды деген ирандық жүк кемесін басып алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Иран қарымта қайтаратынын айтқан. Осылайша тараптар арасындағы атысты тоқтату туралы бітімнің бұзылу қаупі төніп отыр.

Ормуз бұғазының бұғатталуы бірнеше аптаға ұласып, мұнай бағасы шарықтап кеткен еді. Әлемдегі мұнай тасымалының 20 пайызы осы бұғаздан өтеді.

28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылынан басталған соғыс кезінде Иран осы бұғазды жабатынын мәлімдеген. Сөйтіп ондағы кеме қатынасы үзіліп қалды. Ақпанның ортасына қарай АҚШ бұғазға өз блокадасын енгізетінін хабарлады.

АҚШ-Иранның сейсенбі күні аяқталатын бітімін ұзарту үшін Пәкістанда келіссөздің екінші раунды өтуі керек болған. Бірақ Иран оған қатыспайтынын мәлімдеді. Тегеран өз блокадасын алып, көп ұзамай оны қайта іске қосты. Иран күштері бұғазда жүзген екі сауда кемесін атқылаған. Соның алдында АҚШ бұғазды блокадада ұстауды жалғастыра беретінін мәлімдеген.

Жексенбі күні АҚШ әскерилері Иран туы ілінген жүк кемесін атқылағанын хабарлады. Олардың айтуынша, кеме Иранның Бандар-Аббас портына бағыт алған.

"Кеме толықтай біздің бақылауымызда, қазір кеме бортында не барын анықтап жатырмыз" деп жазды АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желіде.

Ал Иран әскери күштері бұл кеменің Қытайдан келе жатқанын мәлімдеді.

"Иран ислам республикасының қарулы күштері жуырда қарымта қайтарып, АҚШ әскері тарапынан болған қарулы пираттық әрекетке жауап соққы жасайтынын ескертеміз" деді Иран әскерінің баспасөз хатшысы мемлекеттік медиа таратқан ақпаратта.

Иран мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары сондай-ақ Тегеран бітім келіссөздерінен неліктен бас тартып отырғанын да хабарлады. Олардың айтуынша, бұған Вашингтонның сес көрсете сөйлеуі, блокадасын жалғастыруы, ұстанымының құбылуы және "шектен тыс талап қоюы" түрткі болған.

"Иран мұнайы экспортын шектеп қойып, қалғандары үшін тегін қауіпсіздік болады деп күтуге болмайды. Таңдау анық: не барлығы үшін бірдей еркін мұнай нарығы болады, не барлығына бірдей шығын қаупі төнеді" деді Иранның бірінші вице-президенті Мохаммадреза Ареф әлеуметтік желіде.

Мұның алдында Трамп Тегеран Вашингтон талабына көнбесе, АҚШ Ирандағы әрбір көпір мен электр станцияларын жоямыз деп мәлімдеген.

Ал Иран мұндай жағдайда Парсы шығанағындағы көрші елдердің электр станциялары мен су тұщытатын зауыттарына соққы жасаймыз деді.

XS
SM
MD
LG