Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты оның туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
"Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәржімаланды, жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады" деп келтірді баспасөз қызметі Тоқаевтың сөзін.
Қазақстан халық жазушысы, ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 19 сәуірде қайтыс болды.
Шаханов 1980 жылдардың аяғында "Желтоқсан" оқиғасы туралы мәлімдеме жасап, қазақ тілі, Наурыз мерекесі, Арал мәселесін қозғап, қоғам қайраткері ретінде танылған. 1993-2003 жылдары ол Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы елшісі болды. 2004-2007 жылы парламент мәжілісінің депутаты болған.