АҚШ-тағы федералдық тергеу бюросының (ФБР) директоры Каш Патель Вашингтон федералдық округтік сотына The Atlantic басылымының үстінен арыз түсірді. Оған басылымның Каш Патель ішімдікке құмарлығы туралы мақаласы түрткі болған.
Мақала авторлары Пательді "созылмалы маскүнем, қызметтік міндетін атқаруға қауқарсыз, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруші, сыртқы ықпалға осал" деп сипаттап, оның АҚШ әділет министрлігінің этикалық ережесін бұзғанын атап өткен. Журналист ФБР-дағы аноним дереккөздеріне сілтеп, Патель бірнеше төтенше жағдайда байланысқа шықпағанын, сондай-ақ оны құлыптаулы бөлмеден шығару үшін "есікті бұзатын құрал" қолданылғанын жазған. Сонымен қатар, ішімдік ФБР басшысының қылмыстық істерді тергеу туралы ресми мәлімдемелеріне де әсер ететіні, оның кейде өзін орынсыз ұстайтыны, сол арқылы АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретіні айтылады.
Патель басылымды жала жапты деп айыптап, соттан The Atlantic басылымынан 250 млн доллар өндіруді сұраған. ФБР директоры мақаладағы деректерді өтірік деп атап, келтірілген фактілерде дәлдік жоқ, ал мақаланың өзі теріс пиғылда жазылған дейді. Талап-арызда ол басылымның өзін бұрыннан жақтырмайтынын, ал мақаланың мақсаты қоғамды ақпараттандыру емес, оны қызметінен кетіруге ықпал ету болғанын айтады.
Патель The Atlantic басылымы пікір сұрап хабарласқанда, мақаладағы деректер жалған екенін айттым деп отыр. Оның сөзінше, басылым оның уәжін елеусіз қалдырған. Ал бұл басылымның көрінеу жалған ақпарат таратқанының белгісі дейді ол.
The Atlantic Пательдің арызын "негізсіз" деп атады. "Біз Каш Патель жөніндегі репортаждарымыздың дәлдігін растаймыз және The Atlantic басылымы мен журналистерімізді бұл негізсіз арыздан табанды түрде қорғаймыз" деп келтірді басылым өкілінің сөзін CNN сайты.
MS NOW бағдарламасындағы сұхбатта материал авторы Сара Фицпатрик: "Репортаждағы әрбір сөзімді растаймын. Бізде үздік заңгерлер бар" деп мәлімдеді.
Фицпатрик Пательдің мінез-құлқы жөнінде жиырмадан астам адаммен сөйлескенін, оның арасында "ФБР-дің бұрынғы және қазіргі қызметкерлері, құқық қорғау және барлау органдарының қызметкерлері, қонақ күту индустриясының жұмысшылары, Конгресс мүшелері, саяси қайраткерлер, лоббистер және бұрынғы кеңесшілер" барын айтады. Автордың сөзінше, олардың бәрі анонимдік шартымен сөйлескен және "Пательдің осы қызметке келуін мемлекеттік басқарудағы сәтсіздік деп сипаттаған". Пательді бұл қызметке АҚШ президенті Дональд Трамптың ұсынуымен сенат бекіткен.
Өзге басылымдар The Atlantic зерттеуінің дұрыстығын растаған да, терістеген де жоқ.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі де баспасөз құралдарын сотқа берген. Мәселен, ол британиялық Би-би-си корпорациясының үстінен шағым түсіріп, оның журналистерін жала жапты деп айыптады. Оған журналистердің Трамп сөзін мағынасы бұрмаланатындай етіп монтаждағаны түрткі болған. АҚШ президенті өтемақы ретінде 10 млрд доллар талап еткен. Корпорация Трамптан кешірім сұрады, бірақ АҚШ сотына жүгініп, арызды кері қайтаруды сұрады. Компанияның сөзінше, бұл арыз баспасөз құралдарын президент туралы хабар таратқанда өзін-өзі шектеуге итермелемек.
Трамп сондай-ақ Wall Street Journal басылымын да сотқа берді. Оған басылымның 2025 жылғы 17 қаңтарда шыққан мақаласы түрткі болған. Онда Трамптың қаржыгер Джеффри Эпштейнге бейәдеп құттықтау хатын жолдағаны айтылады. Мақалада Трамптың мұны жоққа шығаратыны да жазылған. Трамп бұл материалды "Wall Street Journal-дың фейк мақаласы" деп атады.