Accessibility links

Demoscope: халықтың 61% президентке сенеді, 56% билікті сынау қауіпті дейді

Demoscope қоғамдық пікірді зерттеу бюросы "Билік институттарына қоғамның сенімі" дейтін сауалнамасының нәтижесін жариялады.

БИЛІККЕ СЕНІМ

Онда Қазақстан халқының 85,4 пайызы елге өзгеріс керек деп санайтыны айтылады. 2023 жылғы сауалнамада бұл көрсеткіш 89,9 пайыз болған.

Кейінгі 12 айда билік органдарына салыстырмалы түрде сенім бар екені анықталды дейді авторлар. Респонденттердің 61.3 пайызы Қазақстан президентіне сенетінін айтқан. 2023 жылғы желтоқсандағы сауалнамада бұл көрсеткіш 69,4 пайыз еді.

Дәл осы сұрақ бойынша, әкімдіктер 50,2 пайыз, үкімет 47,7 пайыз, құқық қорғау органдары 46,8 пайыз, соттар 43,7 пайыз, ал парламент 40,5 пайыз алған. Яғни билік субъектілеріне сенім бойынша алғашқы екі орынды президент пен үкімет бөліссе, соңғы орын парламентке бұйырған.

Сауалнама нәтижесіне қарағанда, президент пен үкіметке деген сенім жастар арасында жоғары да (72,5 және 59,4 пайыз), егде жастағылар арасында орта көрсеткіштен төмен (51,2 және 35,4 пайыз).

СЫН АЙТУДАН СЕКЕМДЕНУ

Респонденттердің жартысынан астамы, яғни 56,1 пайызы "интернетте биліктің әрекетін ашық сынаудан қаймығады, мұны қауіпті деп санайды". Сауалнамаға қатысқандардың 14,4 пайызы нақты аты-жөнді атамай сынауға болады десе, 9,8 пайызы сын айтудан қорықпайтынын айтқан.

Зерттеушілер билік институтына деген сенім мен сын айтудан үрейлену арасында байланыс барын анықтаған.

"Талдау билікті сынаудан қорқу деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын билікке деген қоғамның сенімі соғұрлым төмен екенін көрсетті. Билікті сынауда тұрған ештеңе жоқ деп санайтын респонденттер арасында президентке сенім деңгейі 83,2 пайыз, ал орташа көрсеткіш 61,6 пайыз. Билікті ашық сынауды үзілді-кесілді қауіпті деп санайтындар арасында президентке сенім деңгейі айтарлықтай төмен – 56,1 пайыз" дейді Demoscope бюросы.

Зерттеушілер азаматтардың мемлекет шешімдеріне ықпал ету мүмкіндігін де сұраған. Респонденттердің 47 пайызы билік шешіміне ықпал ету мүмкіндігі жоқ десе, 46,3 пайызы мұндай мүмкіндік бар деген.

Сауалнамада сондай-ақ халықтың "Әділетті Қазақстан" тұжырымына сенімі, елдің даму бағытына деген көзқарасы қамтылған.

Билік органдарына сенім туралы сұрақтарда респонденттердің 20-28 пайызы "жауап беруге қиналамын" деген.

"Мұндай белгісіздік тақырыптың шетін екенімен және өзіндік цензурамен байланысты болуы мүмкін" дейді зерттеу бюросы.

Demoscope жобасын MediaNet Халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен ынтымақтаса отырып жүзеге асырады. Оған Конрад Аденауэр атындағы қор қолдау көрсетеді. Сауалнама 2026 жылғы 24 ақпан мен 6 наурыз аралығында өтіп, оған 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қаладан 1100 адам қатысқан.

XS
SM
MD
LG