Қазақстанда кемі үш АЭС салынбақ, жоспарда төртінші станция да бар. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің басшысы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
"Қазақстанның электр энергетикасы желілерінің дамуы тұрғысынан энергиямен қамтамасыз етудің тұрақтылығы үшін кемінде үш, ал перспективада төрт атом станциясын салу қажет деп есептейміз" деді Сәтқалиев 21 сәуір күні Ақордада журналистер сұрағына жауап беріп.
Оның сөзінше, станция салуға жарайды деген төрт аумақ қарастырылып отыр. Олар – Балқаш маңы, Курчатов қаласы, Батыс Қазақстан және Қостанай облысы.
2025 жылғы ақпанда Қазақстан үкіметі алғашқы АЭС салынатын жерді ресми түрде бекіткен. Станция Алматы облысы Жамбыл ауданында, Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылының жанына салынатын болды. 14 маусым күні үкімет ол станцияны Ресей салады деді.
21 сәуір күні Сәтқалиев бірінші және екінші станцияның Балқашта салынатынын растады.
"Екінші станция да Балқашта салынады. Қазір ықтимал алаңдар зерттеліп жатыр. Орналасқан жерін ескере отырып, 1200-ден (мегаватт) екі блоктық станция салынады деп жоспарланып отыр. Әріптестерімізбен ықтимал вендорды анықтау жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз" деді агенттік басшысы.
Екінші АЭС-тің аты "Мойынқұм" болмақ.
Екінші және үшінші АЭС-ті қытайлық China National Nuclear Corporation (CNNC) салатыны айтылған.
Ресей салуға тиіс бірінші станцияның құны шамамен 15 млрд доллар.
Сәтқалиевтің сөзінше, бірінші АЭС-ті салатын мердігерді анықтау жөнінде конкурс болмайды. Бұл – мемлекетаралық несие болмақ.
"Қазір үкіметаралық келісім әзірленіп жатыр. Біріншісі – атом станциясын салу жөнінде, екіншісі – несие беру жөнінде. Ресей тарапынан қаржыландыру қарастырылып жатыр. Ол бойынша, 85 пайыз несие күйінде беріледі, 15 пайызын Қазақстан үкіметі береді" деді ол.