Accessibility links

Ормуз дағдарысы Қазақстаннан өтетін Орта дәліздің маңызын арттырды

Орта дәліздің маңызды хабы - Каспий теңізіндегі порты.
Орта дәліздің маңызды хабы - Каспий теңізіндегі порты.

АҚШ пен Иран арасындағы жағдай ушығып, Ормуз бұғазы ашылмай тұрған Қазақстан арқылы өтетін Транскаспий транспорт жолы, яғни Орта дәліз жүк тасымалында маңызды бағытқа айналып келеді.

Дүниежүзілік банк 2023 жылы "Орта дәлізді стратегиялық маңызды жол, бірақ құрылымы жағынан шектелген бағыт" деп сипаттаған еді. Ресей Украинаға соғыс ашқан тұста геосаяси ахуал балама коридорларға сұраныс арттырды. Сол кезде Дүниежүзілік банк бұл дәлізді ұзарту үшін инвестиция тартып, жіңішке жолдардың инфрақұрылымын жөндеп, трансшекаралық кеден мен көлік процедураларын жақсарту керек деген еді.

Бұл кедергілерді жою үшін Дүниежүзілік банк пен оның серіктестері 14-15 сәуірде 3,3 млрд доллар бөлді. Бұл қаржы дәліздің маңызды тұстарын күшейтуге, бұған қоса 1,9 млрд долларын Стамбулда Босфор бұғазын кесіп өтетін Солтүстік Теміржол өткелін салуға, 1,4 млрд долларын Қарағанды-Жезқазған автомагистралын жөндеуге жұмсамақ.

Орта дәліздің Қазақстандағы бөлігі
Орта дәліздің Қазақстандағы бөлігі

Дүниежүзілік банк ақша бөлетіні хабарланған күні Түркия вице-президенті Жевдет Йылмаз Астанадағы кездесуде "[Ресей арқылы өтетін] Солтүстік дәліз қиын геосаяси ахуалға байланысты сенімсіз болып қалды. Оңтүстік бағыт өз мүмкіндігінен асып жұмыс істеп тұр. Бұл жағдай Орта дәлізді балама жол емес, негізі таңдауға айналдырды" деді.

Алматыдағы "Тәуекелдерді бағалау тобының" директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев Ресейдің Украинадағы соғысы, одан кейінгі санкциялар Ормуз бұғазы сияқты теңіз жолдарына тәуелділікті арттырғанын айтады. Бірақ қазіргі дағдарыс әлемдік саудаға ұзақ уақыт зардабын тигізуі мүмкін деп санайды сарапшы.

"Ормуз бұғазы ашылғанның өзінде бұл өткелдің тұрақтылық имиджіне ұзақ уақытқа, тіпті өмір бойына нұқсан келді. Парсы шығанағы мен Таяу Шығыс елдері энергетика ресурстарының тұрақты тасуға кепілдік береді деген стереотип те бұзылды" дейді ол.

Сарапшы белгісіздік тауар бағасы мен сауда-саттыққа әсер етіп, мұнай мен азотты тыңайтқыштардың бағасын арттырып жіберуі мүмкін деп санайды.

"Тыңайтқыштардың 25-35 пайызы Ормұз бұғазы арқылы өтеді және бұл тауардың түпкілікті бағасына әсер етпей қоймайды. Сондықтан көп елдер жағдайға қарамастан басқа жолдарды іздейді. Тұрақсыз жағдай ұзақ уақыт сақталуы мүмкін, демек қауіп жоғары. Бұл бизнеске жаман, себебі бизнеске бәрі анық болуы керек" дейді Сәтпаев.

ГЕОСАЯСИ ХАОСТЫҢ ОРТАСЫНДАҒЫ АЙМАҚ

Сәтпаевтың сөзінше, Орта дәлізге қызығушылықтың артуына аймақтағы тұрақтылық та әсер еткен. Жан-жағында қақтығыс болып жатқанына қарамастан Орталық Азия мен Кавказ "геосаяси хаос кезінде тұрақтылықты паш етіп отыр".

"Бұл жаһандық тұрғыда аймақтың дәрежесін көтеріп тастады" – дейді ол. – "Орта дәліз Ресейден басқа елдердің бәрінің қолайына келеді".

"Геосаясаттағы ірі ойыншылар аймақтағы позициясын нығайтуға тырысып жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе экономикалық және транспорт-логистикалық салада. Қытай мен Еуропа одағы ерекше белсенділік танытып отыр" деп санайды Сәтпаев.

"Самарқандтағы былтырғы саммитте Еуропа одағы Орта дәліздің және Каспий теңізі маңындағы хабтарға инвестиция салуға қызығушылығы барын көрсетті. АҚШ та Орталық Азиядағы сирек металдар үшін Орта дәлізге қызығушылық танытып отыр".

Дегенмен кейбір сарапшылар Орта дәліз қазіргі сауда жолдарын, соның ішінде Ресей арқылы өтетін солтүстік жолды толық алмастыра алмайды деп санайды. Карнеги қорының Орталық Азия бойынша сарапшысы Темур Умаров геосаяси ахуал сауда жолдарын әртараптандыруға мәжбүрлесе де, логистикалық жағдайлар толық мүмкіндік бермей отырғанын айтады.

"Орта дәлізге қызығушылық артса да, Ресейдің солтүстігі арқылы өтетін тауар мен энергия ресурстарының көлеміндей тасымал жасай алмайды. Бұл Орта дәлізге қызығушылықтың жоқтығынан емес, техникалық тұрғыдан барлық тауар мен энергия ресурстарын бұл дәлізге бұру мүмкін емес" дейді Умаров.

Сарапшы бұл шектеу тек инфрақұрылым мәселесінде ғана емес, уақыт пен масштабқа да байланысты деп санайды.

"Практикалық тұрғыдан қарасақ, Орта дәліз бүкіл тауар көлемін тасымалдай алады деп күтуге өте ерте. Оған көп елдердің инвестициясы, координациясы керек және дамытуға уақыт қажет" дейді Умаров.

ОРТА ДӘЛІЗДІҢ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?

Дүниежүзілік банктің Қазақстанда автомагистрал жолына ақша бөлуі инфрақұрылымды дамыту ғана емес, бұл Қазақстанның Еуразия арқылы өтетін сауда жолындағы маңызды ел екенін көрсетеді.

Орталық Азия елдері бұл процесті тиімді басқарса Орта дәлізге салынған инвестиция аймақтағы қарапайым халыққа да көп пайдасын тигізеді деп есептейті Сәтпаев.

"Теміржол, көлік жолдары сияқты инфрақұрылымдар аумағы үлкен Қазақстанның экономикалық күйзелістегі аймақтарын жандандырады. Қонақ үй құрылыстары, бензин құю станциялары, қызмет саласындағы нысандар және техникалық қызмет көрсететін орындар мұндай аймақтарға екінші өмір сыйлар еді" дейді ол.

Сарапшының пайымдауынша, бұл жобалар тиімді басқарылып, дұрыс жүзеге асса ғана пайдасы тиеді.

"Бұл инвестициялық жобалар инвесторлардың, қаржы құйған халықаралық ұйымдардың бақылауымен жүзеге асса біздің елдердегі азаматтардың әл-ауқаты жақсарады деген үміт бар" дейді Сәтпаев.

Қытайдан Еуропаға жұк таситын Орта дәлізді 2014 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузия құрған. Бұл жол Орталық Азия, Каспий теңізі, Оңтүстік Кавказ және Түркия арқылы өтеді. Көп жылдар бойы Ресей басқаратын Солтүстік жолдың көлеңкесінде қалып келді.

Орта дәлізге Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропаның қайта салу және даму банкі, Еуропа одағы, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия да инвестиция салып келеді. Ал Қытай "Бір белдеу, бір жол" жобасы арқылы бұл дәліздің негізгі қолданушысы болып отыр.

Айдар
XS
SM
MD
LG