Accessibility links

Полиция: Референдум күні Азаттық тілшісін ұстап әкету кезінде заң бұзылмаған

Астанадағы Оқушылар сарайындағы учаскеде дауыс беріп жатқан сайлаушы. 15 наурыз, 2026 жыл
Астанадағы Оқушылар сарайындағы учаскеде дауыс беріп жатқан сайлаушы. 15 наурыз, 2026 жыл

Президент дауыс беретін учаскеден журналисті алып кеткен оқиға азаматтардың заңды құқықтарын бұзбаған, полицейлер қызметтік міндеттерін асыра пайдаланбаған. Ішкі істер министрлігінің Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасы Азаттық шағымына осылай жауап берді.

Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдум өткен 2026 жылғы 15 наурызда полиция Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан референдум учаскесінен Азаттық тілшісі Жолдас Өрісбайды алып кетіп, Алматы аудандық полиция басқармасында үш сағат ұстап, босатқан.

Редакция тапсырмасымен хабар таратуға барған журналист полиция қызметкерлері қандай себеппен ұстағанын түсіндірместен, "редакцияға, адвокатқа хабарласуға мүмкіндік берместен" полиция бөлімінде үш сағат ұстағанын айтқан. Одан бөлек тағы 3 адам ұсталған. Олардың екеуі – журналист Сәния Тойкен мен Informburo басылымының тілшісі.

Сол аралықта президент Қасым-Жомарт Тоқаев Оқушылар сарайына келіп, №51 учаскеде дауыс берген. Содан соң ол отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Тілшілер Қазақстан президентіне ішкі және сыртқы саясат бойынша сұрақтар қойды.

Жолдас Өрісбай полиция өзін сайлау учаскесінен алып кетіп, журналистік қызметіне кедергі келтірді деп санайды.

Азаттықтың тілшіні ұстап алып кеткен полиция қызметкерлеріне шара қолдану туралы арызына жауабында Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасы қызметтік тексеру жүргізгенін айтты.

"Жүргізілген қызметтік тексеріс қорытындысына сәйкес, Астана қаласы Алматы ауданы полиция басқармасының іс-әрекеттерінде полиция органы қызметкерлерінің қызметін ұйымдастыру туралы нұсқаулығын, заңдар мен басқа да номативті-құқықтық актілерін және азаматтардың заңды құқықтарын бұзатын фактілер мен қызметтік міндеттерін асыра пайдалану деректері анықталған жоқ", – делінген жауапта.

Ішкі істер органдары полицейлердің әрекеті Қылмыстық процестік кодекске сай деп санайды.

"Қазақстан Республикасының Қылмыстық процесстік кодексінің талаптарына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасау мүмкiндiгiнiң жолын кесу мақсатында кез келген азаматты ұстап алуға және оны қылмыстық қудалау органына немесе өзге де мемлекеттік билік органына беру не жеткізу үшін оның жүріп-тұру еркіндігін шектеуге құқығы бар. Сонымен қатар, қылмыстық құқық бұзушылыққа қатыстылығын анықтау мақсатында үш сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға құқылы", – делінген жауапта.

Азаттық Қазақстан президентінің баспасөз қызметіне "Азаттық тілшісін Тоқаев келетін дауыс беру учаскесінен әдейі алып кетті ме?" деп сауал жолдаған. Хатқа жауап берген мәдениет және ақпарат министрлігі "Заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпарат алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясы кепілдік береді, цензураға тыйым салынады" деп қысқа жауап берген.

"Құқықтық медиаорталық" баспасөзді қорғау ұйымы заң бөлімінің жетекшісі Гүлмира Біржанова мұндай жағдайлар журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру деп бағалануы мүмкін екенін ескертті. "Журналисте редакция тапсырмасы мен редакция куәлігі болса, оның қызметін кез келген кезеңде шектеуге ешкімнің хақы жоқ. Журналиске заң ережесін бұзған деп мін тағуы мүмкін жалғыз жағдай – дауыс беру құпиясына кедергі келтіру" деді заңгер BES.media басылымына.

2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша референдум өткен. Ресми қорытынды бойынша, 73,12 пайыз сайлаушы дауыс беріп, солардың 87,15 пайызы жаңа Конституция жобасын қолдаған. Жаңа негізгі заң 1 шілдеде күшіне енбек.

Айдар
XS
SM
MD
LG