1986 жылы Чернобыль ядролық апатынан кейін Припять қаласындағы үйінен асығыс кетуге мәжбүр болған Клавдия Омельченконың бүгінге дейін ол жаққа оралуға батылы бармаған.
Қаладан ұзап бара жатқанда сыртта бірнеше күн ғана боламын деп ойлаған. Алайда атом электр станциясындағы ең ірі апат 19 жастағы бойжеткеннің өмірінде үлкен із қалдырды: Чернобыль апаты оның денсаулығын құртып, достарынан ажыратты, бала сүю қабілетінін айырды.
"Қазір жылаймын" деді ол айналасын тоғай басқан, кезінде өзі тұрған, сұрғылт тұрғын үй кешеніне қарай жүріп бара жатқанда. Үйінің мекенжайы әлі есінде, бірақ эвакуациядан кейін аумақта қаптап кеткен ағаштар мен бұталардың арасынан оны табу қиын болды.
1986 жылы Омельченко мамыражай тірлік кешіп жатқан: мата фабрикасында жұмыс істеп, Киевте оқуды жоспарлаған. Припятьтан үш шақырым жердегі Чернобыль АЭС-інде апат болып, жоспарлы тексеріс бақылаудан шығып кетеді деген нәрсе үш ұйықтаса түсіне кірмеген де.
ЧЕРНОБЫЛЬДА НЕ БОЛДЫ?
Электр станцияның төрт реакторының бірі қатты қызып кетіп, ізінше жарылды. Осылайша айналасы мен оның аумағынан тыс жерге радиоактивті жаңбыр шашырады.
Жарылыс 26 сәуірде түнгі сағат 1.23-те болды. Совет билігі төтенше жағдаймен күресуге тырысты, бірақ шашыраңқы әрі құпия түрде қимылдады. Припять қаласы тұрғындарына нақты не болғаны айтылмады. Тек ертесінде 27 сәуірде түс кезінде Омельченко эвакуация туралы хабарландыруды естіді.
"Олар бізге бірнеше күнге керек қана заттарыңды алыңдар деді. Ондағы әрбір адам "бізді панажайға апарады" деп ойлады. Ешкім нақты ештеңе айтқан жоқ. Біз олардың тротуарларды жуып жатқанын көрдік" деді ол. Бірақ ешкім ештеңені түсіндірмеген.
Омельченконың айтуынша, екі джинсы, бір футболка мен құжаттарын алып, жалғыз бір сөмкемен кеткен.
"Мынау ғимараттың маңында автобустар қаз-қатар тізіліп тұрды. Мектеп автобустары сияқты сап-сары көліктер. Мен үй жаққа қарай қол бұлғап "Қош бол, кішкентай үйім. Жақын арада келеміз" дедім. Бұдан соң кеттік. Мәңгіге кетіптік. Мұның бәрін еске алу, әсіресе осы жерде тұрып еске түсіру қиын" деді Омельченко.
Чернобыль маңындағы 30 шақырым аумақтағы елді мекендерден шамамен 115 мың адам эвакуацияланды, ол жер әлі күнге дейін қаңырап бос тұр. Содан бері Припять көшелерін жабайы табиғат басып кеткен радиоактивті елес-қалаға айналды.
ОРАЛУ
Ғимараттың әбден тозғаны соншалықты кезінде Омельченко тұрған сегізінші қабатқа көтерілудің өзі қауіпті еді.
Бірақ кенеттен ұйытқыған құйыннан бұғамыз деп кіре берістегі холлға жүгіріп кірдік. Көк бояу қабыршықтанып қабырғадан ажырап кеткен. Тот басқан пошта жәшіктері ашық-шашық жатыр.
"№ 32 жәшік бос. Маған ешкім жазбапты" деді Омельченко қайғы-мұң араласқан күлкімен. Сапары кезінде ол жиі көз жасына ерік берді. Шамалы үнсіздіктен кейін "мынаны менің әпкем жазған" деді сынған есіктегі граффитигі нұсқап.
Онда "Кішкентай үй, біз сені ұмытқан жоқпыз. Бондаревтар" деп жазылған. Бұл Омельченконың әпкесі мен жездесі Припятьке келген кезде жазылған сияқты.
Апаттан кейін Омельченко Украинаның оңтүстік-батысындағы Измаилде тұрақтап қалды. Бірақ болған оқиғаның әсері жалғаса берді.
"Менің достарым қайтыс болды. Бірі аяғы ауыр кезінде мерт болды. Ол кезде аяғы ауыр әйелдерді түсік жасауға мәжбүрледі, бірақ ол оған құлақ асқан жоқ. Оны баласымен бірге жерледі, сол күйі босанған жоқ. Тағы бір құрбым қыз босанды, перзентінің ақыл-есі кешеуілдеп қалған. Мен де бала сүйе алмадым" деді ол.
Омельченконың сөзінше, Измаилда оның күйеуі дені сау бала туылмайды деп қорқып, балалы болғысы келмеген.
"Сенің мутант туғаныңды қаламаймын" деген күйеуі оған.
Ізінше түсік жасатқан, бұдан соң ерлі-зайыпты айырылысып тынған. Осыны айтқанда ол жасын тия алмады. Бұл оның Припять қаласына алғашқы әрі соңғы сапары.
ЧЕРНОБЫЛЬ: МЕНІҢ КІНДІК БАУЫМ
Измаилда 7 жыл тұрғаннан кейін Омельченко өзінің пәтерін Украинаның солтүстігіндегі Черниговтағы баспанаға алмастырады. Бұдан соң Чернобыльда жұмысқа тұрады, онда қалған үш реактор 2000 жылдың желтоқсанына дейін істеген.
Станцияны істен шығару, дезактивация және нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзге де шаралар әлі күнге дейін жалғасып жатыр және Омельченко сол жердің асханасында жұмыс істейді.
Чернобыль апатынан кейін ол қатерлі ісік дертіне шалдыққан және операциядан кейін аман қалған. Бірақ ол жөнінде көбірек айтуға құлықты болмады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, апаттан кейін сол кезде сәуле тиген балалар мен жаөспірімдер арасында қалқанша без рагымен ауырғандар саны ұлғайған.
Қазір Омельченко өзінің шашын Түркияда емдету үшін ақша жинауға тырысып жүр. Ол бәрінен бұрын жұмысынан айырылудан қорқады. Оның Черниговтағы пәтері бос қаңырап тұр.
"Тіпті демалысқа кетудің өзі қорқынышты, себебі сен сол жерден басқа ешкімге керек емессің. Ал көптің арасында энергия бар" деді ол.
Ресей 2022 жылы Украинаға басып кірген кезде Чернобыль мен оның маңын Ресей әскері біраз уақыт басып алды. Омельченко ол кезде кетпеуді жөн көрді.
"Чернобыль маған ыстық. Кіндік бауым осында кесілген. Ол мені өзіне тартады. Мұнда тіпті еркінірек тыныс аласың" деді ол.