Accessibility links

Instagram-да Тоқаевтың президент атқорасына барғаны жайлы видео тарады

Қасым-Жомарт Тоқаев президент атқорасында асыл тұқымды тұлпарға жем беріп тұр. Tokayev_online Instagram-парақшасында жарияланған сурет.
Қасым-Жомарт Тоқаев президент атқорасында асыл тұқымды тұлпарға жем беріп тұр. Tokayev_online Instagram-парақшасында жарияланған сурет.

3 мамыр күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Instagram-дағы парақшасында оның асыл тұқымды аттарға арналған қораға барғаны туралы видео жарияланды.

Видео сипаттамасында атқораның Президент іс басқармасына тиесілі екені айтылады.

"Мамыр мерекесінде уақыт тауып, әр жылдары сыйға тартылған тұлпарлардың күтімін көріп қайттым. Бір жыл бұрын Ақалтеке тұқымынан туған қылаң боз тайды Ақжан деп атап едім. Шоқтығы биік, қаз мойын, қамыс құлақ, денесі сылыңғыр, көзі тау суындай тұп-тұнық, жүрісі паң, өте есті жануар екені бүкіл болмыс-бітімінен байқалып тұрады. Ақалтеке тұқымына жататын арғымақтарымыздың қатарына бірнеше ай бұрын қосылған құла түстес құлынға Ақниет деп ат қойдым. Аттың сынын жақсы білетін мамандар келешекте халықаралық жарыстарда топ жаратын тұлпар болады деп бағалап отыр" деді Тоқаев қолы тигенде осы қораға барып, аттарға жем беріп тұратынын айтып.

Оның сөзінше, қорада Катар мемлекеті жуырда сыйға тартқан араб арғымақтары да бар.

Былтыр мамырда Азаттық президенттің құпия атқорасы және еңбекақысы ала алмаған құрылысшылар туралы зерттеуін жариялаған. Атқора құрылысына тапсырыс алған кәсіпкерлер жұмысты толық атқарғанын, бірақ ақша төленбегенін мәлімдеген. Атқораға иелік ететін Президент іс басқармасы атқарылған жұмыс жөніндегі актілер бойынша ақшаны бас мердігерге аударғанын, ал бас мердігер мен қосалқы мердігер арасындағы келісімдерге басқарма жауапты емесін хабарлаған.

Құрылысшылардың еңбекақысын ала алмай жүргенін биыл қазақстандық журналист Ботагөз Омарова да жазған. Алайда екі апта өтер-өтпестен Омарова "көрінеу жалған ақпарат тарату" ісі бойынша күдікті деп танылды. Сот оны екі айға үйқамаққа жіберді.

XS
SM
MD
LG