Ресей президенті Владимир Путин Борис Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей Славян университетінің кампусын салу жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды.
Құжатқа қарағанда, Ресей кампусты салып, оны материалдық-техникалық жабдықтауға міндетті болмақ.
Жаңа кампус салу туралы келісім 2023 жылы Путиннің Бішкекке сапары кезінде жасалған.
Қырғызстан құрылысқа кемі 30 гектар жер бөліп, кейін оны университетке тұрақты әрі тегін пайдалану құқығымен береді. Қырғызстан сондай-ақ құрылыс түсетін жер теліміне дейін инженерлік-техникалық желілерді тартып беруге міндеттеледі.
Сәуір айында Ресей мемлекеттік думасы осы заңды қарастырып, бірқатар депутат оған қарсы шыққан. Олар Қырғызстанды "орыс тіліне қарсы" әрекет етіп отыр деп айыптаған.
Қырғыз-Ресей Славян университетінің негізі 1993 жылы қаланған. Кейін оған Ресейдің бірінші президенті Борис Ельциннің аты берілді. Университет ұзақ жылдар бойы беделді оқу орны саналғанымен, кейінгі жылдары оның төңірегінде бірқатар дау-дамай болған.
2025 жылы отызға тарта студент қабылдау науқаны кезіндегі олқылықтар үшін оқудан шығарылғанын мәлімдеді. Университеттің жаңа басшылығы олар "оқуға заңсыз түсті" деген.
Сол жылы университеттің ректоры болып Сергей Волков есімді азамат сайланған. Сонымен қатар оқу орнында Қамқоршылар кеңесі құрылып, оның төрағалығына ҰҚМК-ның бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиев тағайындалғаны мәлім болды. Ал оның орынбасары қызметіне Қырғыз-Ресей қорының жетекшісі Артем Новиков бекітілді.