Accessibility links

БАӘ: Иран әуеден шабуылдады

Біріккен Араб Әмірліктерінің қорғаныс министрлігі Ираннан ұшырылған үш зымыранды қағып түсіргенін, төртіншісі теңізге құлағанын мәлімдеді.

Фуджейра әмірлігіндегі мұнай өңдеу кешені маңында шабуылдан кейін ірі өрт шыққан. Бұл туралы әмірлік үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады. Шабуыл салдарынан Үндістанның үш азаматы жараланып, ауруханаға жеткізілген.

БАӘ қорғаныс министрлігі әуе шабуылынан қорғау жүйесі істеп тұрғанын айтты.

Елдің сыртқы істер министрлігі Иран шабуылын "қауіпті эскалация" деп атап, "бұл шабуылға қарымта қайтаруға құқығы бар екенін" мәлімдеді.

Кейінірек БАӘ қорғаныс министрлігі Ираннан әмірліктер бағытында барлығы 12 баллистикалық зымыран, үш қанатты зымыран және төрт дрон ұшырылғанын хабарлады.

Reuters агенттігінің жазуынша, Иран мемлекеттік телеарнасы өз хабарында Тегеран Біріккен Араб Әмірліктеріне соққы жасауды "жоспарламағанын" айтқан. Иран мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары өз еліндегі әскери басшылыққа сүйене отырып, Фуджейраға жасалған шабуылдың артында АҚШ тұр деп Вашингтонды айыпты қылған.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұл жөнінде мәлімдеме жасап, Иран "қатысы жоқ" елдерге және Оңтүстік Кореяның жүк кемесіне бірнеше мәрте соққы жасағанын айтты. Оның сөзінше, АҚШ Ормуз бұғазында Иранның жеті қайығын жойған. Оның алдында АҚШ орталық қолбасшылығының (CENTCOM) жетекшісі америкалықтар Иранның алты қайығын "жарып жіберді" деген. Иран билігі мұны жоққа шығарып отыр.

4 мамыр күні бұдан ертерек Иранның Fars агенттігі өз дереккөздеріне сүйене отырып, Иран екі зымыранмен Ормуз бұғазындағы америкалық кемеге шабуыл жасағанын, нәтижесінде ол кеме бұғаздан кетуге мәжбүр болғанын хабарлаған. Бірақ кеменің аты аталмады. АҚШ қарулы күштерінің орталық қолбасшылығы "ешқандай америкалық кеме жапа шекпегенін" мәлімдеді.

28 ақпан күні АҚШ пен Израиль Иранға әуеден ауқымды шабуыл жасап, бұған жауап ретінде Иран АҚШ-тың Парсы шығанағындағы одақтастарына соққы берген. Олардың қатарында БАӘ де бар еді. Фуджейра биыл наурызда да Иранның дрон шабуылына ұшыраған. Фуджейрадағы порт – Таяу Шығыстағы мұнайды сақтау және саудалаудың маңызды орталықтарының бірі.

8 сәуірде уақытша бітім жасалғаннан кейін шабуылдар тоқтаған.

11 сәуірде Исламабад қаласында АҚШ пен Иран арасында келіссөздер өткен, бірақ нәтиже бермеген. Тараптар бір-біріне ұсынған шарттар бойынша келісе алмай, келіссөздердің екінші раундын өткізе алмай отыр.

XS
SM
MD
LG