Accessibility links

Путин 8-9 мамыр күндері атысты тоқтататынын, Зеленский "тыныштық режимі" 6 мамырда басталатынын айтты

Ресей президенті Владимир Путин және Украина президенті Владимир Зеленский. Коллаж.
Ресей президенті Владимир Путин және Украина президенті Владимир Зеленский. Коллаж.

Ресей қорғаныс министрлігі Жеңіс күнін атап өтуге орай 8-9 мамыр күндері атысты тоқтатынын мәлімдеп, Украина да осы жолды ұстанады деп үміттенеді. Бұл туралы ресейлік БАҚ хабарлап отыр.

Министрліктің мәлімдеуінше, Украина Мәскеудегі мерекенің шырқын бұзса, Ресей Киев орталығына соққы жасамақ.

Ал Украина атысты тоқтату режимін 6 мамырға қараған түні бастамақ. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді. Оның сөзінше, Киев Мәскеуден Жеңіс күнін атап өтуге орай атысты тоқтату туралы ұсыныс алмаған.

"Біз үшін адам өмірі кез келген "мерекеден" қымбат. Осыған байланысты 5 мамырдан 6 мамырға қараған түнгі сағат 00:00-ден бастап тыныштық режимін жариялаймыз. <...> Көрсетілген уақыттан бастап ереже бұзылса, тиісінше жауап қайтарамыз. Егер Ресей қорғаныс министрлігі Мәскеудегі парадты Украинаның келісімінсіз өткізе алмаймыз деп санаса, онда Ресей басшылығы үшін соғысты тоқтатуға бағытталған нақты қадамдар жасайтын уақыт келді" деп жазды Зеленский.

Мұның алдында Зеленский Арменияда сапарда жүрген кезінде Мәскеудегі парад форматының өзгеруі жайлы пікір білдіріп, парад кезінде украин дрондары "ұшып өтуі" мүмкін екенін айтқан.

Ресей қорғаныс министрлігі Зеленскийдің мәлімдемесін қаперге алатынын айтқан.

29 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, артынша мәлімдеме жасады. Онда ол Путиннің Жеңіс күнін тойлау кезінде атысты тоқтатуды ұсынғанын айтты. Трамп бұл ұсынысты қолдаған.

Зеленский бұған жауап ретінде осыған дейінгі сөздерін қайталап, бір күндік бітімнің орнына тұрақты бітім ұсынатынын мәлімдеді.

Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 9 мамыр күні атысты тоқтату Владимир Путиннің жекедара шешімі екенін, оған Киевтің мақұлдауы қажет емесін айтты.

XS
SM
MD
LG