Accessibility links

Парламент президент туралы заңды талқылады: маңызды билік институттары Тоқаев бақылауында қалмақ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан парламентінің сенат және мәжіліс депутаттары бірлескен отырысында "Қазақстан Республикасының президенті туралы" конституциялық заңның жобасын бірінші оқылымда талқылады. Бұл жаңа конституция шілдеде күшіне енгенде пайда болатын жаңа саяси жүйенің маңызды құжаты болмақ.

Заң жобасын әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды. Оның сөзінше, құжат 8 бөлімнен және 43 баптан тұрып, президент пен вице-президент мәртебесін, олардың құзыретін, мемлекет басшысының жаңа парламент – Құрылтаймен қарым-қатынасын айқындайды.

Қазіргі парламент жүйесін алмастыратын Құрылтайға депутаттар тамызда сайланады.

Билік бұл реформаны "саяси модернизацияның" жалғасы деп атап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" формуласын мысал етеді. Алайда ұсынылған заң жобасы бойынша, маңызды мемлекеттік институттар президент бақылауында қалмақ.

Құжатқа қарағанда, президент бір өзі бас прокурорды, ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасын, ұлттық банк басшысын, конституциялық сот, орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палата төрағаларын, адам құқығы жөніндегі уәкілді, мемлекеттік күзет қызметінің басшысын тағайындайды.

Тағайындаулардың бір бөлігін президент "Құрылтаймен келісіп" іске асырады. Келісілетін лауазымдар қатарында вице-президент, премьер-министр, жоғары сот судьялары, конституциялық сот, орталық сайлау комиссиясы және жоғары аудиторлық палата мүшелері бар.

Заң жобасында президент жеті жылдық бір мезгілге сайланады, оған партия мүшесі болуға, ал туыстарына жоғары мемлекеттік лауазымда болуға тыйым салынады деген нормалар қалған. Бұл нормалар 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін енгізілген.

Депутаттар президенттің жарлық шығару мәселесін де сөз етті. Құрылтай мерзімінен бұрын таратылғанда мемлекет басшысы заң күші бар, тіпті конституциялық заң күші бар жарлықтар шығара алады. Әділет министрлігінің сөзінше, бұл "мемлекеттік басқарудың жеделдігі" үшін қажет.

Заңда президенттің Халық кеңесі дейтін жаңа құрылыммен қарым-қатынасы да қамтылған. Президент кеңестің құрамын бекітіп, оның құрылымын жасақтай алады.

Сондай-ақ, жаңа конституцияға сәйкес, заң жобасынан Қазақстан халқы ассамблеясы, мемлекеттік саяжайлар туралы нормалар алынады.

Қазақстанның жаңа конституциясы наурызда өткен референдумда мақұлданған. Билік оны "басқарудың суперпрезиденттік моделінен ықпалды парламенті бар президенттік жүйеге көшуді жалғастыру" деп түсіндірген. Жаңа конституция бойынша, қос палаталы парламенттің орнына бір палаталы заң шығарушы орган құрылып, оның аты Құрылтай деп аталды. Сондай-ақ вице-президент институты енгізілді. Алайда вице-президент мемлекет басшысымен бірге сайланбай, оны президенттің өзі тағайындайды.

Реформаны сынаушылар билік қанша жерден "демократиялану" туралы айтқанымен, басқару тетіктері толықтай президент қолында екенін уәж етеді.

XS
SM
MD
LG