Accessibility links

Украина Ресейдің бірнеше қаласын дрон-ракеталармен шабуылдады. Туапседегі терминалда өрт шықты

Украина 27 мамырға қараған түні Ресейдің Воронеж, Таганрог, Туапсе және аннексияланған Севастополь қаласын дрондармен және ракеталармен шабуылдады.

Воронеж губернаторы Александр Гусевтің сөзінше, "дрон сынықтары" көлік дөңгелегін жөндейтін орын мен жүк сақталған "жерді бүлдірген". Ал украиналық Exilenova+ мониторинг каналының жазуынша, 47-гвардиялық бомбалаушы авиация полкі орналасқан "Балтимор" аэродромы нысанаға алынған. Astra телеграм-каналы аэродром аумағынан түтін көрінгенін жазды.

Ростов облысының губернаторы Юрий Слюсарь Таганрогта ракеталардың "жойылғанын" айтады. Ракета "сынықтары" түскен жерде көліктер өртенген, екі әйел зардап шеккен. Біреуінің халі ауыр.

Ал Astra телеграм-каналы Таганрогтағы авиациялық жөндеу зауытының аумағында өрт болғанын жазады.

Аннексияланған Севастополь қаласына Storm Shadow ракеталары мен дрондар шабуылдады дейді Ресей тағайындаған қала "басшысы" Михаил Развожаев. Шабуылдан Орталық банк басқармасының шатыры өртенген. Ал жарылыс толқынынан көршілес үйлердің терезелері сынған, сегіз қабатты үй бүлінген.

Ал Туапседе дрондардың "сынығы" теңіз терминалы аумағына құлады дейді Краснодар аймағының жедел штабы.

"Дрон сынығы құлаған жерде өрт шықты, бірақ тез сөндірілді" деп жазылған штаб хабарламасында. Бірақ Astra телеграм-арнасы Туапседегі мұнай өңдеу зауытында жарылыс болуы мүмкін деп жазады. Бұл қаладағы мұнай өңдеу зауыты биыл көктемде бесінші рет шабуылға ұшырады.

Ресей қорғаныс министрлігі 27 мамырға қараған түні Украинаның 140 дронын жойдық дейді.

XS
SM
MD
LG