Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған шешенстандық белсенді Мансур Мовлаев пен ресейлік белсенді Юлия Емельянованың аппеляциялық шағымы қанағаттандырылмады. Бұл туралы заңгер Мұрат Адам хабарлады.
Бұған дейін сот екі белсендіге Қазақстанда босқын мәртебесін бермеген. Осыдан соң олардың адвокаттары апелляциялық шағым түсірген еді.
"Біздегі соттардың қалай жұмыс істейтіні мені таң қалдырмайды, себебі заң тұрғысынан түсінбестік тудыратын шешімдер жеткілікті. Бірақ бұл істе Мансур Мовлаев пен Юлия Емельянованың құқығын қорғаудан бас тартудан бөлек, Қазақстан өзі ратификациялаған халықаралық құқық нормалары да елеусіз қалды. БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша арнайы өкілінің Мансур Мовлаев пен Юлия Емельяноваға қатысты өтінішіне де назар аудармады" деп жазды Мұрат Адам желідегі парақшасында.
Шешенстан билігін ашық сынап жүрген Мовлаев Ресейге экстрадицияланатын болса, ол жақта өзін азаптап, өлтіріп тастауы мүмкін екенін мәлімдеген. Сондықтан ол Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған. Ал Ресей оған "экстремизм" айыбымен іздеу жариялаған. Қазақстан белсендіні Ресейдің сұрауы бойынша қамауға алған еді. Адвокаты мен жақтастары Ресей билігі Мовлаевты саяси себептермен қудалап жатыр деп санайды.
Ақпаратқа қарағанда, 2020 жылы ол Ресей Қылмыстық кодексінің 228-бабы ("Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, дайындау немесе өңдеу") бойынша сотталған. Мовлаевтың жақтастары бұл іс Грозныйдағы билікті сынағаны үшін қудаланды дейді. 2026 жылы Қазақстан Жоғарғы соты Мовлаевтың босқын мәртебесін сұраған өтініші толық қаралып біткенше оны экстрадициялауды тоқтатқан еді.
Юлия Емельянова –Emigration for Action және Just Help қозғалысының белсендісі. Ол 2025 жылы 31 тамызда басқа елге транзитпен кетіп бара жатқанда Алматы әуежайында ұсталған. Ресей Емельяноваға "таксистің телефонын ұрлады" деген айыппен іздеу жариялаған.
Қазақстан бас прокуратурасы Ресейдің Емельянованы экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырған еді. Белсендіге қаулыны 29 қаңтарда берген. Осыдан соң Емельянованың қорғаушылары Жоғарғы сотқа шағымданған. Ақпанның аяғында Жоғарғы сот Емельянованың босқын мәртебесін сұраған өтініші қаралып жатқанда оны экстрадициялауды тоқтатқан.