АҚШ Конгресі мен президент әкімшілігінің Қытай жөніндегі комиссиясы айлық есебіне Қазақстандағы "Атажұрт" ұйымының белсенділеріне шыққан үкімді қосты.
28 мамыр күні жарияланған есепте 19 белсендіге шыққан үкім бейбіт наразылықты қылмысқа теңеу деп сынға ұшырағаны және Қытайдың Қазақстан сотына ықтимал ықпалы жөнінде сұрақ тудыратыны жазылған. Комиссия соттың айыпталушылар тұратын жерден өзге қалада өткенін атап өткен.
"Үкім Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі адам құқықтарын бұзуын даулайтын қазақстандық құқық қорғаушыларға ауыр соққы болды" дейді комиссия.
Есеп авторлары сотталғандар арасында "Атажұрт" жетекшісі Бекзат Мақсұтхан мен Қытайда қамауға алынған қазақстандық Әлімнұр Тұрғанбайдың әйелі Гүлдария Шеризат (кәмелетке толмаған баласы болғандықтан жазасы кейінгі шегерілген) та барын жазған.
13 сәуірде Талдықорған соты "Атажұрт" белсенділері мен олардың жақтастарынан тұратын 19 адамды "ұлтаралық араздықты қоздыру" айыбы бойынша кінәлі деп тауып, 11-іне бес жылға түрме жазасын кесіп, қалғанына төрт жыл сегіз айдан бес жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Бес жылға сотталған Гүлнәр Шаймұрат пен Гүлдария Шеризаттың жазасы кәмелетке толмаған балалары бар деп кейінге шегерілді.
Іске 2025 жылғы қарашадағы наразылық акциясы түрткі болған. "Атажұрт" белсенділері мен олардың жақтастары Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылының маңында Пекин саясатына наразылық ретінде Қытай басшысы Си Цзиньпиннің суреті мен Қытай туын өртеген. Олар Қытаймен визасыз режимді жоюды, Шыңжаңда "түзету лагеріне" қамалған қазақтарды босатуды, соның ішінде Қытайда қамауға алынған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды талап еткен. Пекин жүк көлігін айдайтын 48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шықпаған деп санайды.
Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары сот процесі кезінде де, үкім шыққаннан кейін де осы мәселені қозғап, істі тоқтатуға, үкімді жоюға үндеген. Олар ту және портрет өртеу сөз еркіндігі аясында қорғалатынын, акция кезінде ешкім жапа шекпегенін айтып, бұл істің артында Қытай тұруы мүмкін екенін мәлімдеген.
АҚШ заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарының өкілдерінен тұратын комиссия 2000 жылғы қазанда құрылған. Комиссия Қытайдағы адам құқықтарының сақталуын және заң үстемдігін орнауын қадағалап, АҚШ президенті мен Конгресіне жылдық есеп өткізеді. Комиссия тоғыз сенатордан, өкілдер палатасының тоғыз өкілінен және Ақ үй әкімшілігінің президент бекіткен бес өкілінен тұрады.
Комиссия "Атажұрт" белсенділерінің ісін ақпандағы айлық есебінде де атап өткен.