Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, ҚазТАГ-тың бас редакторы Әмір Қасенов амбулаторлық емдеуге жіберілген. Басқарманың жауабын ҚазТАГ жариялады.
“Қасеновтің жағдайы тұрақты. Оның өміріне еш қауіп жоқ. Дәрігерлер кешенді тексеріс жүргізді (іш қуысы мүшелері мен зәр шығару жүйесінің зертханалық зерттеулері және ультрадыбыстық диагностикасы) – нәтижесі қалыпты. Науқасты ауруханаға жатқызуға қажеттілік жоқ. Науқасқа инфузиялық терапия жүргізілді, жағдайы тәуірледі, ол амбулаторлық емдеуге жіберілді” деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Дүйсенбіден бері құрғақ аштық ұстап жатқан ҚазТАГ-тың бас редакторы Әмір Қасеновтің ахуалы жұма күні нашарлап, ауруханаға жеткізілгені хабарланған еді. Адвокаттың сөзінше, Қасенов өздігінен жүре алмай, тергеу изоляторының қызметкеріне сүйеніп адвокатпен кездесуге әрең келген.
Осы апта басында Қасенов үйқамақтан тергеу изоляторына ауыстырылған еді. Содан кейін ол құрғақ аштық жариялаған. Карантин камерасынан жазған хатында ол “заңсыздық пен жүгенсіздікке қарсылық білдіріп”, аштық жариялағанын айтқан еді.
2025 жылы желтоқсан айының басында ҚазТАГ директоры Әсет Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Көктемде Матаевқа 274-бап бойынша қозғалған іс тоқтатылғаны белгілі болды. Есесіне наурыздағы төбелестен кейін оған 293-бап, 254-бап қосылған.
Ақпарат агенттігінің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы "алаяқтық схемалардан зардап шеккендер" жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.
Бұған дейін тараптар ымыраға келе алмаған. Ақпаратқа қарағанда, шағым берушінің қойған шарттары арасында "жалған ақпарат таратқанын мойындау" туралы талап бар. Ақпарат агенттігі "компаниядан зардап шеккендердің" мәліметтері мен құжаттарына сүйенгенін материал жазғанын айтып, талаппен келіспеген.
Қазір Алматының Алмалы аудандық сотында сот жалғасып жатыр.