Accessibility links

App Store-дан Ресейдің VK, Mail.ru және "Одноклассники" қосымшалары алынды

Apple корпорациясы Ресейдің VK, Mail.ru және "Одноклассники" қосымшаларын App Store-дан жойды. VK компаниясы қосымшалар ешқандай ескертусіз бірден жойылғанын мәлімдеді. App Store-дан VK компаниясының негізгі қосымшасы және "Музыка", "Мессенджер", "Видео" қосымшалары да алынды.

Apple әзірге бұл шешімін ресми түрде түсіндірген жоқ. VK және Mail.ru қосымшасының Қазақстанда да қолданушылары бар.

1 сәуірден бастап Ресейде Apple ID арқылы телефоннан төлем жасау тоқтатылған. Мұның алдында Ресей қаржы министрлігі елдегі ең ірі төрт оператор - "Билайн", МТС, Т2 және "Мегафонға" Apple ID арқылы телефон бірлігін толтыруға шектеу қоюды тапсырған. Ресейлік басылымдар Мәскеу осы арқылы VPN-сервистерін жүктеуді шектемек болды деп жазған.

Ресей 2022 жылы Украинаға соғыс ашқан соң америкалық Apple компаниясы Ресейден кеткен. Бірақ Роскомнадзордың сұрауынан соң 700-ге жуық қосымша (тәуелсіз медиаресурстар мен VPN сервистері) Ресейдегі App Store-дан алынған еді.

XS
SM
MD
LG