ҚазТАГ агенттігінің істі болып жатқан бас редакторы Әмір Қасенов 26 маусымда аштығын тоқтатты. Бұл туралы Азаттыққа адвокаты Акромат Мұхтаров хабарлады.
"Бүгін Әмір Қасеновтың әйелі Айгүл Қасеновамен бірге тергеу изоляторына бардық. Әмір Қасеновпен жолығып, аштығын доғаруға көндірдік. Ол осы шешімі арқылы әділдігі үшін күресуге, сот процесіне видеобайланыс арқылы емес жеке қатысуға ниетті. Ал бұл үшін оған күш керек. Біз үшін Әмір Қасеновтің сот процесіне өзі келіп қатысып, позициясын сотта тікелей айтқаны маңызды" деді адвокаты.
Тергеу изоляторында отырған Әмір Қасенов "заңсыздыққа қарсы" 15 маусымда аштық жариялаған еді. Ол изолятордан жазған хатында "Қазақстан журналистерінің түрмеге қамалудан қорықпай жұмыс істеу құқығы үшін күресемін. Ақырға дейін күресемін" деген.
2025 жылы желтоқсанның басында ҚазТАГ директоры Әсет Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Көктемде Матаевқа бұл баппен қозғалған іс тоқтатылғаны белгілі болды. Есесіне наурыздағы төбелестен кейін оған "Бұзақылық" бабымен іс қозғалды. Жуырда Әмір Қасенов Тоқаевқа видеомәлімдемесінен кейін үйқамақтан абақтыға ауыстырылған еді.
Ақпарат агенттігінің үстінен бизнесмен Тимур Турлов басқаратын Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы "алаяқтық схемалардан зардап шеккендер" жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.
Бұған дейін тараптар ымыраға келе алмаған. Ақпаратқа қарағанда, шағым берушінің қойған шарттары арасында "жалған ақпарат таратқанын мойындау" туралы талап бар. Ақпарат агенттігі "компаниядан зардап шеккендердің" мәліметтері мен құжаттарына сүйенгенін материал жазғанын айтып, талаппен келіспеген.