Accessibility links

Министрлік "бензин туризмі" жөнінде: ақпаратты құқық қорғау органдары тексереді

Жанармай станциясындағы ұзын-сонар кезек. Көрнекі сурет.
Жанармай станциясындағы ұзын-сонар кезек. Көрнекі сурет.

Бұған дейін бірқатар БАҚ “ресейліктердің бензин алу үшін Қазақстанмен шекаралас өңірлерге ағылып жатқаны” туралы жазған еді. Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі 30 маусымда таратқан баспасөз хабарламасында бірқатар шектеулер жөнінде жазылған.

“Бұған дейін енгізілген мемлекеттік реттеу шаралары өз күшінде қалып отыр. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 21 қарашасына дейін мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль және теміржол көлігімен экспорттауға уақытша шектеу енгізілген. Автокөлік құралдарының мемлекеттік шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне шектеу қойылған. 20 маусымнан бастап өткізу пункттерінде бақылау күшейтілді. Бұл жұмыстарға Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті және Қаржылық мониторинг агенттігінің бөлімшелері тартылған” деп жазылған хабарламада.

1 шілдеде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген министрліктің баспасөз қызметінің өкілі Әсел Серікпаева "ресейліктердің ағылып жатқаны рас па?" деген сұраққа "Ақпаратты құқық қорғау органдары тексереді. Біздің комментариймізде [ол жөнінде] жазылған" деп қысқа қайырды.

Ол елдің бірқатар өңірінде “бензин тапшы” және “жанармай станцияларында ұзын-сонар кезек пайда болды” деген ақпаратты да жоққа шығарды.

"Қазіргі уақытта елімізде жанар-жағармай материалдарының тапшылығының туындау қаупі жоқ. Ішкі нарықта жазғы және туристік маусым кезеңінде тұтынушыларды тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге жеткілікті көлемде мұнай өнімдерінің қоры қалыптастырылған. Жалпы резерв көлемі 1,1 млн тоннадан асады. Оның ішінде АИ-92 және АИ-95 маркалы автомобиль бензині, сондай-ақ дизель отынының жеткілікті қоры бар. Аталған қорлар тұрақты негізде сақталып, мұнай өңдеу зауыттарының ағымдағы өндірісі есебінен үнемі толықтырылып отырады" деп жазылған хабарламада.

Бірнеше күн бұрын “Караван” басылымы Ресейдің Қазақстанмен шекаралас аймақтарында тұратын тұрғындардың “жанармай алу үшін көрші елге баруы жиіледі” деп жазып, “отын туризмінің” трендке айнала бастағанын баяндаған.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда ресейліктер Қазақстанда бензин Ресейдегіден арзан екенін әрі жанармай құю бекеттерінде кезек жоғын айтады.


Ал Ресейдің өзінде жанармай жетіспей жатқаны байқалып отыр. Украина күштерінің шабуылдарынан бірнеше мұнай өңдеу зауыты істен шығып, салдарынан билік бензин сатуға уақытша шектеу енгізуге мәжбүр болды. Ресей басшысы Владимир Путин жуырдағы сұхбатында елде бензинге қатысты қиындық барын мойындағанымен, оны "уақытша нәрсе" деп атаған.

Айдар
XS
SM
MD
LG