Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana компаниясы бас атқарушы директоры Ибрагим Жанлыелді қабылдап, халық тарапынан рейстердің кешігуіне, борттардың ауысуына назар аударуға шақырды.
Air Astana директоры 2026-2027 жылдары компанияға Boeing 787 Dreamliner ұшақтары жеткізілетінін айтқан. Бұған қоса, Airbus A320neo, A321neo маркалы 50 ұшаққа және Boeing 787-9 маркалы 15 ұшаққа тапсырыс берілген. Бұл ұшақтар елге 2036 жылға дейін жеткізілмек.
Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев АҚШ және Жапониямен тікелей рейс ашуға басымдық беру керегін айтқан.
Қазақстанда жолаушылар Air Astana компаниясына кіретін Fly Arystan лоукостерінің рейстері жиі кешігетініне шағымданады. Кей жолаушылар Air Astana-ға билет алса да, борт Fly Arystan ұшақтарына ауыстырылғанын айтып жатады. Компания бұл мәселелерді техникалық ақаулармен, жолаушылардың қауіпсіздігімен түсіндіреді.