Ресей билігі 8 шілдеден бастап дизель отынын сыртқа шығаруға тыйым салды. Үкімет кеңесінде вице-премьер Александр Новак жақын уақытта Ресейге импорттық мұнай өнімдері жеткізіле бастайды дейді. Шенеунік Ресейде жанармай тапшылығы сақталып отыр, бірақ жағдай ішінара тұрақтанды деп мәлімдеді.
Новак отын тапшылығына Украина күштерінің дрон шабуылдары салдарынан бірнеше мұнай өңдеу зауытының зақымдануы себеп болғанын айтты. Билік қордағы отынды нарыққа шығарып, жөндеу жұмыстарын кейінге шегерген.
Бұған дейін Ресей бензин мен авиация керосинін сыртқа шығаруды тоқтатқан еді.
Жанармай тапшылығы салдарынан Ресейдің көптеген өңірінде отынды еркін сатуға шектеу енгізіліп, жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезектер пайда болды. Бұған қоса Ресейде бензин бағасы өскені байқалып отыр.