Accessibility links

БАҚ: VietJet Qazaqstan Астана–Омбы бағытына әуе рейсін дрон қауіпіне байланысты тоқтатты

VietJet Qazaqstan әуе компаниясы Ресей аумағында дрондардың жиі ұшуына байланысты, 9-20 шілде аралығында Астана – Омбы – Астана бағытындағы жолаушы рейстерін тоқтатқан. Бұған қоса осы бағытқа билет сатуды да тамыз айының аяғына дейін уақытша доғарған. Бұл туралы Vlast басылымы жазды.

Әуе компаниясы бұған дейін Астана – Омбы – Астана бағыты бойынша күніне екі рет – таңертең және кешке – жолаушы тасып келген. Компания алдын ала билет алып қойған жолаушыларға оның құнын толық қайтаруды немесе 14 шілдеден бастап жолаушыларды Астанадан Петропавлға ұшақпен жеткізіп, одан әрі Омбыға компания ұйымдастырған автобуспен апаруды ұсынған.

Ресейдің әскери басқыншылығына қарсы төрт жылдан астам уақыт соғысып жатқан Украина қарулы күштері биыл көктемнен бері Ресей басып алған аумақтарға қоса Ресейдің ішкері жағындағы нысандарға дронмен шабуыл жасауды жиілеткен. 6 шілде күні украин дрондары Ресейдің Қазақстанмен шектесетін Омбы облысындағы мұнай өңдейтін ірі зауытқа шабуыл жасады. Екі бірдей бастапқы мұнай өңдеу қондырғысы істен шыққан кәсіпорын жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. 8 шілде күні Украинаның дрон шабуылынан кейін Ресейдің Саратов мұнай өңдеу зауыты да жұмысын тоқтатқан деген ақпарат тарады.

Қазақстанда әуе тасымалы қызметін көрсетіп келген Qazaq Air әуекомпаниясы былтыр атауын VietJet Qazaqstan деп өзгерткен. Оған қазақстандық "Самұрық-Қазына" қоры (49%) мен Вьетнамның SovicoGroup (51%) компаниясы бірлесіп иелік етеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG