Accessibility links

Бәтиқа Біләш екі айға қамауға алынды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Бәтиқа Біләш екі айға қамауға алынды. Ақпаратты адвокаты Шынқуат Байжанов хабарлады.

Шілде айының басында сот оның денсаулық жағдайы мен кәмелетке толмаған баласы барын, бұған қоса, істің ауыр еместігін ескеріп, оны үйқамаққа жіберген еді. Алайда адвокатының сөзінше, прокурор шешімге протест жасап, 10 шілдеде Қонаев соты оны екі айға қамаған.

“[Бәтиқа Біләшті қамауға] ешқандай негіз жоқ. [Прокуратура] түк те ештеңе келтірген жоқ. "Серікжан Біләштің әпкесі", “қашып кетуі мүмкін, тергеуге зиян келтіруі мүмкін” деген негіз емес қой” деді адвокат Азаттық тілшісіне.

26 маусымға қараған түні Алматы облысында полиция Бәтиқа Біләштің үйін тінтіп, өзін полицияға алып кеткен еді. Ізінше ол 10 күнге қамалды. Шілдеде үйқамаққа жіберіліп, шамамен бір аптадан соң қайта қамауға алынды.

Бәтиқа Біләш – АҚШ-та тұратын Шыңжаңдағы қуғын жөнінде айтып жүрген белсенді, «Атажұрт» ұйымының алғаш құрушылардың бірі Серікжан Біләштің әпкесі.

Адвокаттың айтуынша, Бәтиқа Біләштің үстінен 10 шақты адам арыз түсіріп, "алаяқтық" жасады деп айыптаған. Бұлар – Серікжан Біләштің YouTube парақшасында көрсетілген телефон арқылы "30-40 мың теңге" аударғандар. Олар "ақша арна авторының жеке мақсатына жұмсалатынын" айтып арызданған. Ондағы телефон иесі Бәтиқа Біләш айыптаулармен келіспейді.

Бұған дейін Amnesty International ұйымы мәлімдеме жасап, Астананы «Атажұрт» белсенділерінің туыстарын қудаламауға шақырған еді.

Айдар
XS
SM
MD
LG